Өлеңдер ✍️
Бақытты күндердің бәрі артта қалды...
Бақытты күндердің бәрі артта қалды,
Мәңгілік не бар өмірде?!
Бергенін өзі Жаратқан алды,
Қоштасар сәтім келді ғой, күнім, менің де,
Езіліп босқа, егілме!
Бергенін өзі алатын Құдай
Тағы да бермес деймісің?!
Тауқыметті басқа салатын Құдай
Көз жасты көрмес деймісің?!
Бұғалық білмес бұла күндерді
Бура-бұлт басты көмескі.
Айқайлап тұрып жылағым келді,
Амал не, қатын емеспін.
Қуаныш нұрын құйып ек, сәулем,
Көздерден сөздер төгіліп.
Қоштасу қандай қиын ед, сәулем,
Қабырғам қалды сөгіліп.
Үніңмен мені үйіріп едің,
Сен барда таумен теңестім.
Ең ұлы сенің биігің едім,
Енді мен...
Ешкім емеспін.
Тірегің санап тірлікте жалғыз,
Тіредің маған арқаңды.
Жылы сезім мен жыр күткен Ән-қыз,
Шалқыған пейілің шалқар-ды.
Әз-жүрегіңнен қала-далаға
Ән емес, енді қан тамды.
Қайыру көрмеген қара бала да
Қара арғымақты қаңтарды.
Есер жел қуған ебелек пе едім,
Ерте айрылған басымнан?!
Көрсоқыр, көзсіз көбелек пе едім,
Көрінген жанға бас ұрған?!
Өкінем –
Сонша керемет пе едім,
Шартарапқа аты шашылған?!
Садаға болып неге кетпедім
Көзіңнен аққан жасыңнан?!
«Қасірет» деген қандауыр көрсе,
Қан жылап жүрек, қансырап;
Жалғыз қалудан бар ма ауыр нәрсе
Жанардан жасы тамшылап?!
Өзің де шыдап зорға отыр едің,
Сызатты көңіл сынды ақыр.
Түзелу білмес өр көкірегім
Түбіме жетіп тынды ақыр...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter