Өлеңдер ✍️
Сен кеттің...
Сен кеттің,
Кеттің алыс, менен жырақ,
Отырмын өзің жайлы өлең құрап.
Кемшілік менен де, рас, болған шығар,
Кешірім өтінбеймін сенен бірақ.
Өйткені, сен өзің де періште емес,
Сезімге бой алдырмас сеніскен еш.
Отасқан осынау біз төрт жыл бойы
Ойымыз екеуміздің келіспеді еш.
Сен кеттің,
Кеттің жырақ, менен алыс,
Сезімді желіккенде жеңеді әр іс.
Екеуміз екі жақта тұрмыз, міне,
Енді тек арамызды бөледі ағыс.
Бұған да тек мен ғана кінәлі емен,
Жанымда жап-жасыл боп тұнады өлең.
Сарылтқан сарша тамыз күніндей боп,
Сағымын сағыныштың қуа берем.
Сен кеттің,
Кеттің алыс, менен шалғай,
Өзіңе жетер ме екен өлең самғай?!
Әттең-ай, өзімнен де болған екен –
Әуелден тамырымды терең салмай.
Енді не,
Өкінгенмен пайда да жоқ,
Осыған бекідім мен ойлана кеп.
Сынауға шебер ғой бұл біздің халық,
Сыртымнан сыпсыңдасар айнала көп.
Сен кеттің,
Кеттің мәңгі – ұмыттың ба?!
Мен қалдым тұтқын болып құлып-мұңға.
Төбеме көтеріп ем сені бір кез,
Төрт жылда көңіліңді суыттым ба?!
Әйтеуір менен жаның безінген-ді,
Отыңа оралмасыңды көзім көрді.
Жүрмін мен әлі күнге тірілте алмай
Жөргекте тұншыққан сол cезімдерді.
Сен кеттің,
Кеттің менен, кеттің мәңгі,
Аңсаған арманыңа жеттің мәңгі.
Есімде елес қылып жаңғыртамын
Ешкімге ұқсамайтын тақ тұлғаңды.
Қатарға қайтіп енді теңелемін –
Дер кезде жібермесе демеп елім...
...Мен саған қаншалықты қажетсізбін –
Сен маған соншалықты керек едің...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter