Өлеңдер ✍️
ЕРТЕҢГІ КҮНІ...
Сорлының өтіп еді сөзі кімге,
Азаптың ауырлығы – сезінуде.
Қабарған қайғы-мұң тұр қабағымда,
Қасіретті күлкі тұр езуімде.
Басымнан бақытсыз хал өткеремін,
Өртеніп, күлге айналды отты өлеңім.
Мен саған не айтайын, мекер тірлік –
Бір сәтте сүйіп тұрып, жек көремін.
Жалқы мұң... жабырқау хал... жанды ұрлаған,
Басымды кезім бар ма жарға ұрмаған?!
Қайтейін, иіле алман саған, қалқам,
Тәкаппар жүрек берді тағдыр маған.
Тәкаппар көңіл берді тағдыр маған,
Басымды кезім бар ма жарға ұрмаған?!
Алаң боп оянамын әр таң сайын,
Сыйлардай бір қуаныш әр күн маған.
Мен сені ұнатамын...
Бірақ... бірақ....
Көңілімде күдік толы сұрақ тұрад.
Сенемін – сен табасың бақытыңды,
Менен де адалырақ, тұрақтырақ.
Тек сонда...
Ұмыт мені, ұмыт мәңгі,
Қайғырмай, қарсы алғайсың күліп таңды.
Тұншығып қызғанышқа тұрармын мен,
Лайлап көңілдегі тұнықтарды.
Өмірді қайғы-мұңды білмей сүрсең,
Арман не – алаулаған гүлдей семсең?!
Жарқ етіп, жалт бұрылып маған қарап,
Сақылдап тұрып сонда күлгейсің сен.
Демеші: «Мұның бәрін алдың қайдан?»,
Адамға әр күн – жеңіс, әр күн – майдан.
Бақыттан бал-бұл жанған сені көріп,
Қалайын мен жер болып алдыңда, айнам.
Үзілсін сөйтіп мәңгі ән-дастаным,
(Қайтейін, қайран күндер, жалғаспадың!).
Кекетіп күліп сонда, кегіңді алып,
Кете бар құшағында сен басқаның.
Әкелер әр күн нені, әр таң нені,
Сезімнің тот басып, тоз тартар да өңі.
Сергелдең еткен мынау ісім үшін
Сен солай жазалашы, қалқам, мені!
Қараңғы түнек болсын жарық бесін,
Қарқылдап құзғын-көңіл қарық болсын.
Бір жетім жүрек тұрсын тал басында,
Көктен бір жұлдыз түссін ағып сосын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter