Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  105


Автор: Рахат Қосбармақ

ҚОШ, ҚАЛҚА!

Мен күнәһармын – арыңды аяққа таптадым,
«Қалағанымды алам» деп, қасиеттімнен аттадым.
Аңдамай сеніп, абайсыз мен тұрақсызға телінген
Сенің де, қалқам, жоқ бағың.
Тұрды ғой күтіп деймісің алдыңнан арай-бақ сені,
Сенде де, менде болашақ өмірге енді жоқ сенім.
Осынша қайғы әкелген, осынша қылмыс көтерген
Ол туған күннің одан да өтпей қойғаны жақсы еді.
Сен кімге енді керексің, мен кімге енді керекпін?!
Жартасқа соғып қирады, тау-тасқа соғып өр екпін.
Жоқ еттім бәрін керектің, қолымда барды қор еттім,
Бір түнде бәрін жоқ еттім.
Мен құрттым бәрін, құрттым мен, құрдымға бәрін құлаттым,
Өзіңді сүйіп тұрып-ақ өзге бір жанды «ұнаттым».
Сыңғырын сөйтіп суалттым сылдырай аққан бұлақтың,
«Жылатпаймын» деп серт беріп, жыл өтпей, қайта жылаттым.
Кеш мені – егер кеше алсаң!
Бақыттымын-ау, дариға-ай,
Жалп етіп жапқан есікті жарқ етіп қайта аша алсам.
Аша алсам, сөйтіп, қайтадан жүз жылға қайта жасарсам,
Өкпем жоқ сонда, дүние, сонан соң қалай өш алсаң!..
...Жоқ, мені кешпе, Ақ Көкем!
Аяма, мәңгі жазала,
Жазала, мейлі, бәрібір – қасірет пе, әлде қаза ма –
Қалай қинасаң – өз еркің, әйтеуір мені жазала,
Жуылып сонда бар күнәм, тазара түсер, тазара.
«Қосылам» деуші ем, қайтейін,
Қоспады қатал тағдырым,
Алаулап тұрып алты айдай, көкжиегіне қонды Күн.
Қайтадан шықпас ол күнім,
Сен ұмыт енді барлығын,
Жадыңда қалсын тек қана жасаған мынау қорлығым.
Жауқазын гүлдің жанары – шық-бұлақ толы, шық-бұлақ,
Сол жанарларға қарап мен жаныңды сенің ұқтым-ақ.
Адаспай тапсаң, аялап өтетін адам бар сені,
Менен де гөрі ержүрек, менен де гөрі мықтырақ.
Қара тас сынды қайғыңды қара топан боп жуар сел,
Сонда да, көкем, көңіліңде беріш боп қатып тұрар шер.
Өкінбе, жаным, ешқашан «Айрылдым-ау» деп мендейден,
Өзіңді-өзің жұбатып, «Құтылдым ғой» деп, қуан сен.
Ынтығып, қатты шөлдедім, ықыласыңа зәрумін,
Білмедім жөнін қалайша қасыңда сенің қалудың.
Талайды көріп әлі де, татармын дәмін бал-удың,
Таппаспын бірақ өзіңдей ақмаңдайлысын арудың.
Өткен күн енді оралмас,
Ол да – бір қайғы мәңгілік,
Ойлайтыным сен боларсың ақ таңдарымды таңға ұрып.
Жазатын жырым сен енді жүректе жүрер жаңғырып,
Салатын сазым сен енді айтатын мәңгі ән қылып.
Жай түсіп, сынды ақыры жайқалған терек, жас талым,
Күлуге олар хақылы – табалап күлді қастарым.
Мағынасыз, мәнсіз күндер мен ойсыз өмірді бастадым,
Кеш мені, қалқам, кеше алсаң – асқаным болса, тасқаным!
Тағдырымды шешті ақыры қас-қағым уақыт, қас-қағым,
Татамын енді таусылмас қайғы мен мұңның лас дәмін.
Кеш мені, Көкем, кеше алсаң!
Қасіретіңді басқа жастадым,
Мен шыға алмаған биігім, өзгелер өрлер асқарым!
Қош, жаным!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу