Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  114


Автор: Рахат Қосбармақ

КҮЙРЕУ

Кеудемде менің басталды
Бітіспейтұғын бір сезімдердің бүлігі,
Ақ арманымның аспанға ұшты сынығы.
Көкірегімді тепкілеп аққан тентектеу бұла бұлақтар
Құяр сай таппай, құмдарға сіңіп, құрыды.
Көзімнен зәһар-жас тамды,
Түпсіз түнектің мұнар-көзінен мұң көрдім,
Түбінде осылай боларын, сірә, білгенмін.
Жан-жүрегімдегі жасын ойнатқан найзағайлардың жарқылы
Қылыштап жатты қақпасын қапас-түндердің.
Құлатшы қара тастарды,
Құзар-шыңдарды қопарып бір сәт, Сезімім,
Естіртпей жатсын өз даусымды өз үнім.
Жан-айқайларым жартасқа соғып, жағы сынып бір қирасын
Темірден берік төзімім.
Жылатшы безбет аспанды,
О, Сезімдерім, содырдан да өткен сотанақ!
Сабалы көлде саздарым қалсын сақауат.
Бар уыңды ішіп, басым мәңгіріп, өтейін осылай дүниеден,
Балдан да тәтті, бұрыштан ащы Махаббат!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу