Өлеңдер ✍️
ҚАСІРЕТІМ... ҚУАНЫШЫМ...
Алдыңа тартып
Ақиқат атты безбенді,
Айтамын бүгін
Жанымды жаншып-езгенді.
Сұп-сұр боп қатып,
Суалып қалғыр бұл жанар
Көрді ғой саған қадалған оқты көздерді.
Сонда да сені
Сорлатып кете ал-мадым мен,
Қасірет жасын
Қатар ағызып қаныңмен;
Қазығым болып,
Қасыңда қалдыра білдің,
Арқандап ұстап,
Адал қайғыңмен, арыңмен!
Қасыңда мәңгі қарлығашыңдай
Қалықтаймын мен қанатым қашан талғанша,
Жанарларыңның жасыны болып,
Жана да берем жалыным сөніп қалғанша.
Жанымды менің қинама, қалқам,
кете алман –
«Жастық шағыңды қор қылдым мен» деп,
«Жалыныңды ерте сөндірдім мен» деп,
Зарласаң-дағы сен қанша!
«Жалауыңды ерте құлатпағын» деп,
«Жаны саулардың жан-жүрегіне тұрақтағын» деп,
Жалынсаң-дағы сен қанша!
Ақ жарыла айтпай,
Ақиқаттың да қалмайды, қалқам, еш құны,
Асылық айтсам, «артықтау» демей,
Айып етпей-ақ, кеш мұны.
Тақсіретіңнен тарс бітіп қалғыр бұл құлақ
«Ол теңің емес» деген сөзді де естіді.
Сонда да сенің
Сырқат жаныңды егілген
Кете алмадым мен керексіз етіп,
(Теңім де ең!)
Сендің сен маған,
Саған да сендім мен шексіз,
Айналып кетейін айнымайтұғын Сенімнен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter