Өлеңдер ✍️
МАҢҚЫСТАУ САЗДАРЫ
Қатал өлкемнің қағидасы бар бұлжымайтұғын мәңгілік:
Қаншама текті болсаң да,
Көтермес сені төбеге ешкім хан қылып.
Қылышқа жақын қыршаңқысы көп Адайдың
Қиқулы үні құлағыма келді заманалардан жаңғырып.
Ажар-дидары арай шашқан
Айменен тауып жарасым,
Аруларына теліген Адай тентектеу талай баласын.
Ақылыменен ақыныңды да жаңылтар
Сұлулардың сұлтанын маңғаз Маңқыстауымнан табасың.
Аламан дүрмек, алқалы топтың алдында
Ақындығыңды Адаймен сынға салдың ба?!
Жарыстырғанда сөз киігін сен,
Шашасына шаң да жұқтырмас
Жез таңдай шешен, желді ауыз ақын бар мұнда.
Шерлі тарихы жатқан жоқ әлі жазылып,
Шежіресінен келемін сырлы саз ұғып.
Таулары – ауып қалған бір керуен жүгіндей,
Сайлары қалған қазанаттардан жерошақ-ор боп қазылып.
Сексеуілдері – өмірге деген өшпес сенімін өлтірмей,
Хақтағаладан қайырым күтіп,
Аспанға қарай алақандарын тарбита жайған кемпірдей.
Шыңдарға шөккен қара буралар секілді
Бұлт – түрікпеннің
«Бұл қоныс кімнен қалмаған-ай!» деп, бұлғаған сеңсең бөркіндей.
Арабы қанды арғымақпен тең ақалтекелер – пырағы,
Аққудың асқақ қанатыменен
«Ақбөбек» болып аспанға ұшқан жыр-әні;
Асау мінезді Адайдың ата қонысы
Маңқыстау қаны – мұнайдың ыстық бұлағы.
Маңқыстау деген –
Тұмарлы ұлдардың, тұғырлы ерлердің тұрағы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter