Өлеңдер ✍️
ДАЛА
Дала – тағым,
Теңгермеймін хан тағын,
Бас әріппен жазылатын байтағым.
«Дала» деген Даладай бұл сөзді мен
Астын сызып айтамын!
Наркескендей намысты ұлдар – арысы,
Дала – даңқым, дара естілер дабысы.
Күлімдейді байтақ Дала көгінен
Гагариннің ғарышы!
Арай шашып аппақ таңы атады,
Шұғыласы шыңды бояп батады.
Балуанияз, Досан жортқан төсінде
Батырлардың Отаны!
Дей алмаймын «Дегдарлықтан Далам құр»,
Жүрегінде жалын атып, жанар жыр.
Қажымұқан, Қаралданы тудырған
Балуан білек Далам бұл!
Далам!
Сенің әр тасыңнан табам жыр,
Қаныш, Мұхтар – қара нардай балаң бұл.
Даналар мен дарындардың бесігі –
Академик Далам бұл!
Қыратынан қызыл маржан алам гүл,
Желбірейді кеудесінде жалау-жыр.
Тоқсан сегіз Бельгияға татитын
Менің байтақ Далам бұл!
Дала!
Неткен зор ұлылық тұр мұнда,
Сыйғыза алман сені, Далам, бір жырға.
Саған деген бар Даладай махаббат
Жалттай қысқа бұл жырда!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter