Өлеңдер ✍️
МҰРАГЕР МҰҢЫ
«Қырық тоғызда – бір мүшел»,
Қызыққа кезің елікпес.
Кемшілігіңе күлгіш ел
Жетістігіңе желікпес.
Жылауық бүгін жыр біткен,
Жылытар жүрек жоқ па екен?!
Қым-қуыт мынау тірліктен
Қырық тоғызында өтті Әкем.
«Алпыс бір жаста – бір мүшел»,
Пайғамбар жасы болар ол.
Артық мініме күлгіш ел,
Сайқал күлкіңе сала бер!
Қияға самғағанменен,
Әкешім кетпес көңілден.
Пайғамбар болмағанменен,
Ақ-адал кетті өмірден.
Әкесін күтіп әр күні,
Жаман немерелер жол қарап;
Артыңда қалған алты ұлы
Арманын алға жалғамақ.
Үш қызы – үміт-алауы,
Үзілген жіпке үлкен сеп.
Жазылмай жатқан жараны
Жан-сарайды ашып бір көрсет!..
Халықтың көп қой тым тары,
(Қара шал бізді жебесе);
«Құсекеңнің ұрпағы
Құрып кетті ғой» демесе.
Демесе болды: «Құрыды»,
Құламай тұрсын шаңырақ.
Өліге балап тіріні,
Қалмасын анам аңырап.
Мазалап осы ой әр күні,
Мазасыз сезім торлаған –
Жарып жеп жалғыз-жартыны,
Жарылмай кетсек, болды аман!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter