Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
112
БҰЛДЫР БОЛАШАҚ
Егер қазақ ел болмаса,
Ез-күншілге ем қонбаса –
Жағасында тұрар оның қалтаңдап,
Бір ақбас шал белуардан сақалы;
Қасіретті жанарлары жаутаңдап,
Қайран Арал жассыз жылап жатады.
Егер біздер ел болмасақ,
Келеңсізді кең қолдасақ,
Тістілерге тізе бүксек шайқаспай –
Жан алқымда жауыздықтың пышағы;
Сұлу Семей сұлық жатқан науқастай
Қол басындай қорғасындар құсады.
Жүректерге жыр құймасақ,
Құздан төмен құлдиласақ –
Қадір тұтып хас асылдың қаңқасын,
Адал жүрек амалсыздан ай бағар.
Баға жетпес бала жанар Балқашым
Құс ұшпайтын қу медиенге айналар.
Көңілдерде жыр жанбаса,
Көкіректер нұрланбаса –
Қанға толып қауыздары гүл біткен,
Қойындасып өлілер мен тірілер;
Күлкі қашып күлімдеген тірліктен,
Күллі дүние күл-қоқысқа көмілер...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter