Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  218


Автор: Рахат Қосбармақ

АДАМ ТАБИҒАТЫ

Көңілі көкте көп пенделер ұқпайды:
Жас жігері жалын атып көзінде,
Күліп-ойнап асыр салар кезінде
Күндей көркем, көлдей тұнық сезімге
Тебіреніп, терең бойламағандардан,
Бала болып ойнамағандардан –
Ешқашанда шын Үлкендік шықпайды!
Ұлыларға бұдан ауыр жоқ қайғы:
Халық болып ортақ қайғы жескенде,
Қарлы қабақ қату күндер кешкенде,
Көкірегін елдің зары кескенде
Арам ойдан арылмағандардан,
Жаны сыздап сағынбағандардан –
Ешқашанда нағыз Адам шықпайды!
Шын таланттар жырдың туын жықпайды.
Қабырғалы дарын құлап қара емен,
Қара шашын жайған кезде қара өлең,
Көштің күйі бұзылғанда көнеден;
Қара басын қамдағандардан,
Батылдыққа бармағандардан –
Ешқашанда нағыз Дарын шықпайды!
Тірі адамға бұдан асқан жоқ қайғы:
Қабырғасы қайысқанда халқының,
Қамдап жанның тыныштығы артығын,
Күткен тағы тағдырының тартуын;
Ұлы мұңды үлеспегендерден,
Күнгей келешек үшін күреспегендерден –
Ешқашанда шын Азамат шықпайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу