Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  155


Автор: Рахат Қосбармақ

АЙЛЫ ТҮН

Аппақ нұрға малынған
Айлы түні-ай ауылдың!
Ақ жібек шәлі жамылған
Айлы түні-ай сәуірдің!
Айнала-маңай тып-тымық,
Қиялға батты сыршыл қыз.
Қысқа ғұмырды ұқтырып,
Жарқ етіп ақты бір жұлдыз.
Сыры терең сұлулық
Күміс нұр боп сөйледі.
Ақ жамбысын тағынды
Көк аспанның көйлегі.
Бойымды буып тәтті мұң,
Бөдене-жүрек бұлқынды.
Армандай асыл ақ түнім
Жанымда жыр боп кіл тұнды.
Жүрегім басы бал ұйып,
Тылсым күйге бөледі.
Дала жатыр далиып,
Төбемнен ай төнеді.
Ой кептері шарықтап,
Теңіз-шабыт төгілді.
Қиял құсы қалықтап,
Тілгілейді көгімді.
Ауыл-елді көшіре
Арпыл қағып ит үрді...
Ай – аспанның төсіне
Таққан медаль секілді.
Сәні кірді сәуірдің,
Көгім көркем – ай барда.
Айлы түні ауылдың,
Қайғы-түнге айналма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу