Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  163


Автор: Рахат Қосбармақ

ӨМІР-АЙ! немесе ТАҒДЫРМЕН ТАЙТАЛАС

Өмір-ай!
Мені өңез тірлігің шаршатты,
Ұмыттым барлық бақытым тұнған бал шақты.
Түнек-тірліктен түңілген мынау түрімнен
Тасжүрек тағдыр тартуындай боп тамшы ақты.
Күлкі емес, күлкім – күрсініс толы күшәла,
Тұралай берем, тұсала берем, тұсала.
Тартынбай ішіп, тауыса да алмай келемін,
Құмарым қанбай қуанышың мен құсаңа.
Іштарлығыңды, құштарлығыңды көп көрдім,
Кермек дәміңнен кеудеме у кеп, кектендім.
Кете алмадым мен сонда да сені тәрк етіп –
Келерін біліп келмеске қайта кеткеннің.
Қысастығыңды, құс жастығыңды көп көрдім,
Өлім көргем жоқ, өзгеңді бастан өткердім.
Өлуге менің хақым да жоқ қой,
Өйткені,
Өмірге мынау «Өлімді өлтірем» деп келдім.
Тәкаппар тағдыр!
Тас пейіліңе таусылман,
Қаһарлансаң сен, қасқайып шығам қарсыңнан.
«Өледі екем» деп өзгерте алмаймын ойымды,
Қуатыңа да құлдық ұра алман
Қара жерді де қаусырған.
Жанарларымда жарқылдап бөлек жасын-күй,
Алдымнан кей сәт ақ сарай-арман, ашылды үй...
Таңғалдырсаң да, табынта алмайсың, тағдырым,
Мазасыз өмір!
Маған да бір сәт басыңды и!
Таспейіл тағдыр!
Қысастығыңды қылғанда,
Шыдап-ақ бақтым шындап-ақ, шыңдап ұрғанда.
Құрбан болсам да, құл болатұғын жайым жоқ,
Жүгіне алмаймын жүрегім соғып тұрғанда!
Төмпешігімнен төбелер құрап, өр үйе,
Төбелесіп-ақ келемін мықтап,
Беріле қойман, беріле.
Өмірдің кілті өз қолымда тұр, ендеше
Сен емес, тағдыр, мен ие саған, мен ие!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу