Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  169


Автор: Темір МЫҢЖАС

ИТТІК ТУРАЛЫ

Ақын Ғалым Әріпке
Апта соңы, қызметтен қол босаған,
Біз-төрт жігіт, жоқтан барды жасаған.
Машиналы саудагермен танысып,
Шыға келдік қала сырты – дачадан.
Дастарханды жайып тастап газеттен,
Біз төрт сері бір-біріне сөзі өктем
Кезек-кезек өлең оқып, сөз сөйлеп,
«Ащы суды» құлатамыз өзектен...
Айтылмаған қалмады сыр, қалмады ой,
Қиялымыз шартарапты шарлады-ай.
Ал дачаның қақпасының алдында
Бір ит жатты азу тісі балғадай.
Ит туралы айтып жақсы аңызды,
Ақын досым аңқылдаған жаны ізгі,
Итке барды, ескерткенді тыңдамай,
Деді дағы “ақынды ит те таниды”...
Шығып иттің бір оң, бірде солынан,
Жайлап сипап арқасынан, жонынан,
Бізге қарап насаттанып тұрғанда
Ит арс етіп, қауып алды қолынан.
Кім ойлаған дәл осындай мазақты?
Қолы ісіп, тыйылмастан қан ақты.
...Еркелеткен жаман итті біздің дос
Жарақаттан көрді біраз азапты.
Қалайды жұрт өзінше өмір сүргенді,
Бақ біледі ит жетектеп жүргенді.
Мен оларға ұқтыра алмай келемін:
“Анау иттен аулақ сал,- деп- іргеңді”.
...Мазағы бар, дозағы бар, өмір-сын,
Жамандықты көзбен көрсең, жерисің.
Бала орнына ит бағуда біреулер,
Ит иттігін істемесе не қылсын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу