Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
99
Шекеден шағып шағыр күн...
Шекеден шағып шағыр күн,
Көз алдым сағым көлкіген.
Аяқты орап шағыл құм,
Жүре алмай алға, ентігем...
Түскендей аспан айналып,
Жүзімді жалап отты леп,
Ұмтылам алға, қарманып,
Моторша жүрек тепкілеп.
Ауызға келіп қос өкпе,
Кезерген ерін жарылып,
Сүрінем жатқан кесекке,
Бір ұрттам суға зарығып.
Тоқтықтың тарттым өтеуін,
Жоқтыққа тағдыр кез қылды,
Өмірдің қымбат екенін
Бір ұрттам сумен сездірді.
Үмітімді алға сүйретіп,
Налыдым, көзде жас құрғап,
Тірліктің ақтық минутын
Алдамшы уақыт жатты ұрлап.
Жығылып құмның өрінде,
Жарықты соңғы батырдым.
...Ояна келсем, төрінде
Өз отауымның жатырмын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter