Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
126
ШАҒАЛА
Күннің көзі тұтылып,
Сұрланды көктің қабағы.
Қарт Каспий жатыр құтырып,
Сабалап марғау жағаны.
Атады суын тепсеңге,
Шуылы баурап даланы.
Құты қашып, бүкшеңдеп,
Қаңбақтар зытып барады.
Жатқанда теңіз долданып,
Тереңнен жынын шақырып.
Шағала ұшты қомданып,
Жасындай көкке атылып.
Сусылдап құрыш қанаты,
Әуеге тартты қасқайып.
Сатырлағанмен жай оты,
Қайтатын емес жасқанып.
Ұрандаған батырдай
Шаңқылдайды кекті үні.
Дауылың жатыр басылмай,
Бас идіре алмай тектіні.
...Өмір де осы-ау, ойласаң,
Жігерсіздікті ықтырған.
Жүректен сөнбе, қайсарлық,
Қиындықтарға тік тұрған!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter