Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
126
ӨМІР
Хош иісті, алуан түрлі шоқ гүлдер,
Мезгілі өтсе, су құйсаң да солады.
Күткеніңде өтпей қойған көп күндер.
Уақыт жетсе, бір-ақ күндік болады.
Қуанышқа шын кенелген бал күнің
Сол күйінде қайта оралмас артына.
Он сегіз жас бұлғаңындай түлкінің
Бір кеткен соң көнбейді еш шартыңа.
Ойға түйіп, көптен күткен сапарың,
Сәті келмей оралмайды оңына.
Қатал тағдыр сені тіпті апарып,
Лақтырады қайғы-мұңның торына.
Уақыт бітсе, қимасыңнан, асылдан
Айырыласың, бар ма басқа амалың.
Қуаныш та кейде келіп тосыннан,
Өрге тартар алға басқан қадамың.
Бұл өмірдің өз есебі, заңы бар,
Тірлігіңде бітпес күрес, егесің.
Тағдыр сыйын қайыспастан қабыл ал,
Қиындықты жігеріңмен жеңесің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter