Өлеңдер ✍️
ТОН
Әкені еске алу
Әке, сенің сеңсең, сары тоныңды,
Жамыламын, маған шап-шақ қонымды,
Отырамын құзға қонған қырандай
Танығандай оңым менен солымды.
Тану қайда, сөндім талай жана сап,
Жетпей қалып пайым менен парасат.
Оқуы мен тоқуы көп ұлыңның
Кей деңгейі әке, сенен аласа-ақ.
Сыршылдықтан мұңға оранды таңдарым,
Жыршылдықтан ауа қапты қармағым,
Шыншылдықтан есе кетіп қуларға
Талай рет жарды соқты маңдайым.
Аямастан артты өмір салмағын,
Шүкіршілік, бармақ тістеп қалмадым,
Біткенінше мына бес күн жалғаның
Рухыңмен сүйеп, деме ардағым.
Айта берсем өмір жайлы көп өлең,
Өзің болсаң талай сырды төгер ем,
Әке, сенің исің сіңген тоныңа
Оранады немерең мен шөберең.
Шаңырағымда өзім жаққан отымның,
Шуағымен нұрлы таңдар атырдым,
Төсенгенім анам басқан текемет,
Тон жамылып, өзіңе ұқсап отырмын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter