Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
154
ӨЛЕҢ ҚАЛДЫ
Қалқам-ай, жан екенсің аққу-көрік,
Кетердей көрген адам соңыңа еріп.
Қарай бердім көзіме тоят таппай,
Алақұйын сал сезім бермей ерік.
Жібек шаш, мамық тамақ, құмырсқа бел,
Сыланған арғымақша жүрісті көр!
Мойыл көз, қаз омырау, қарағым-ай,
Сыңарың қылығыңды ырыс білер.
Өзгеше жан екенсің сыны ерек,
Тәңірдің саған берген сыйы бөлек.
Бояма жасандылық мүрдем кетсін,
Өзіңе пәк сезімнің нұры керек.
Бойыңда сұлулық бар өлшенбеген,
Көргендер жүрер сені көрсем деумен.
Бұл менің жалт еткен бір сезімім ғой
Бейнеңді өлең сөзбен өрсем деген.
Сымбатың тамсандырған талай жанды,
Жігіттің жүрегіне салар қайғы.
Ойқастап ақмаралша өте шықтың,
Ізіңде бір жапырақ өлең қалды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter