Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  310


Автор: Темір МЫҢЖАС

БІР КҮНДЕРІ ЕСКЕ АЛЫП, САҒЫНАРМЫЗ

Бозбаланың күнделігінен
Бірінші жыр
Сағындым ғой,
Жаным-ау өзіңді ойлап,
Кездесуші ек,
Сезімнен жан алаулап.
Жүрмін, міне, біле алмай хабарыңды,
Құр сүлдемін
Қапыда қалған сорлап.
Сағындым ғой,
Өзіңді қайдан табам?
Кездер есте
Алаңсыз сайраңдаған.
Қаладай құлазиды
Қайран көңіл
Жау тиіп ойрандаған.
Сағындым ғой,
Өзегім толған жалын,
Оның емі –
Сен, бейне жауған жауын.
Аңсаттырдың сағымға айналғандай,
Болармысың
Басымнан ауған бағым?..
Екінші жыр
Жаным менің, сен мені ұмыттың ба?
Жан-жүрегін басқаның жылыттың ба?
Маған деген сезімің мөлдір еді,
Лайланып қалғаны-ау, тұнықтың да.
Жаным менің, сен мені ұмыттың ба?
Бөрідейін жортамын ұлып қырда.
“Сүйем” деген сөзіңді анттай көрдім,
Сен өзің махаббатты шын ұқтың ба?..
Жаным менің, сен мені ұмыттың ба?
“Жасанды әдет жоқ деуші ем қылықтымда”.
Басқа жанға бас имей жүруші едің,
Болғаны ғой ұзыны құрықтың да.
Жаным менің, сен мені ұмыттың ба?
Елемеуші ең пәрменін ұлықтың да.
Әлде біреу араға өшпес от сап,
Көрместей-ақ көңілді суыттың ба?..
Үшінші жыр
Сені ойлаймын,
Жүректі кім емдемек?..
Қарайлаймын,
Қыз көрсем сен бе екен деп.
Өзің боп сыбырлайтын,
Көңілімді жиі алдайтын,
Не деген жел де “тентек”?..
Өзіңмен өткен күнім –
Сүйікті ертек,
Түк үнсіз кеткендігің
Жүректі өртеп,
Түнімен тыпыршимын, еске аламын,
Сәттерді аймаласқан:
“Тілек бір” деп.
Өзіңсіз ісім күйбең,
Өнбегендей,
Сүймесіңе
Көңілім сенбегендей.
Тірліктің шырмауынан шыға алмай,
Сағынып жүр ме екенсің
Сен де мендей?..
Төртінші жыр
Бір келерсің,
Келмеуің мүмкін емес.
Көп күн өтті,
Гүл бейнең, күлкің елес.
Қалайша маған деген бұла сезім
Жаныңды оңашада сілкілемес?..
Бір келерсің,
Келмеуің мүмкін емес.
Өзіңді тұсаулай бер,
Мың күн егес.
Сағыныш маған деген, біле-білсең,
Арнаңа толса қалай дүркіремес?
Сен мені ұмытпассың,
Қашық барып,
Азапқа сал өзіңді
Машықтанып.
Дүниеден баз кешеді, көрмесе егер
Қашан да бірін-бірі ғашық ғаріп.
Бір келерсің
Тіл қатып жүрегіңмен.
Жалын құшып,
Орарсың білегіңмен.
Әйтеуір бір сен маған ораларсың,
Білемін мен...
Бесінші жыр
Тұтқынымын
Мен сенсіз, тас қамалдың,
Таусылды ғой,
өмірде басқа амалым,
Кеткеніңді басқаға естігенде,
Жанарымды, жаным-ау, жасқа малдым,
Назаландым,
Тірліктен түңілгендей,
Іштей тындым,
Шығарар үнім кемдей,
Төзе алмай жанымның азасына,
Үш күннен соң
Жығылдым күйім келмей.
Сүйретілдім,
Қалғанша құр сүлдерім,
(сорлы жүрек, нені ұғып дүрсілдедің?)
Саған, жаным,
Сонда да кінә қоймай,
Бақытты боп, жыламай
жүрсін дедім...
Алтыншы жыр
Жүрегім жұлым-жұлым,
Ойым қаңгүр.
Өксік – көл,
Ал көз жасым бейне жаңбыр.
Бұл менің сен жоқтағы көңіл күйім,
Өзің біл
Күлесің бе?
Мейлің жазғыр.!
Уақыт та бос ұршықша
құр зырлаған,
Мұң-зарын бұл ғаріптің
кім тыңдаған.
Мендегі қуанышты,
Бар күлкіні
Айнам-ау,
Сенен басқа кім ұрлаған?..
Жетінші жыр
Түнгі кафе...
Желік отын үрлеген,
Аяулыммен бірге бардым
Түнде мен.
Ертеңіне екі айырылдық
Біз деген.
Құрсын сол түн
Сенен шафхат іздеген.
Түнгі кафе...
От басады білмеген,
Жазған басым,
Сені неге іздеп ем?
Махаббатым тапқаныңда баянын
Тоз-тоз болды
Сорлы жүрек гүлдеген.
Түнгі кафе...
Сені енді жек көрем.
Қашқақтаймын,
Жүрем ылғи шетпенен.
Тілеп тұрам
Біздің жолды берме деп,
Қыз-жігітке солай қарай беттеген.
Сегізінші жыр
Сүйіп тұрып,
Басқаға ергенің не?
Аққу сезім, жаным-ау, ермегің бе?
Қос жүректің шуағы –
Ақ махаббат
Енді міне,
жерленді жөргегінде.
Өлді енді,
Қайтейін амал бар ма?
Кінәламан,
Қимаймын жамандауға.
Өмір деген осылай өтеді екен
Қалай қарсы тұрайын
Шамам бар ма?..
Тоғызыншы жыр
Мінеки көктем өтті,
жазым келді.
“Көңілге –күй,
жүрекке сазым келді ”,
Дей алмай мен отырмын
Мұңға батып,
Елес ғып
сенің әсем назыңды енді.
Тыншыды,
Көңілім де алып-ұшқан,
Жапырақша сарғайдым сағыныштан.
Айырылған сыңарынан аққудайын
Сенсіз менің басымнан
Бағым ұшқан...
Оныншы жыр
Рас болды
Іштегі жорамалым,
өзгеріпті
бастағы орамалың.
Кездесіп ек
Еліктей дір-дір еттің,
Мен де үнсізбін,
Таусылған бар амалым.
“Кешір” дедің
Боталап мөлдір көзің,
Құрсын бәрі,
Дал болдым мен де өзім.
Ессіз жандай
Мәңгіріп тұрып қаппын.
Қайда, қайда
Баяғы ғашық сезім?!
Жүруші едік
Екеуміз уәде нықтай,
Жанарыңнан жас тамды
Таңғы шықтай.
“Бақытты болсаң болды”
Деген болдым,
Көкірек күмбірледі,
Үнім шықпай.
Шыным осы
Тілеймін бақытыңды,
Жоғалтқандай болсам да
жақұтымды.
Өмірімнің ең қимас шағы деймін
Өзіңмен бірге өткізген
уақытымды.
Өмір-өзен
Заңына бағынамыз.
Шаттанармыз,
Күлерміз, жабығармыз.
Пәк махаббат баураған бұла шақты
Бір күндері
Еске алып, сағынармыз.
Он бірінші жыр
Жанардың отын мұң басып,
Жігерің құмға айналып,
Өмірден қалған тым жасып,
Бойыңа үлкен қайғы алып.
Тұрғаныңда көрдім мен
Шегіне жетіп төзімнің,
Махаббатыңды сөндірген
Жандай боп маған көріндің.
Елестеп кетті көзіме
Бұрынғы көктем гүл өңің.
Тәнті болған өзіңе
Кезімді және білемін.
Ұзын боп созған қармағың,
Сезбедің өмір салмағын.
Махаббатты тәрк етіп,
Пұшайман етіп алдадың.
“Тарттырдың соның зардабын,
Қорлады барған жан-жарым”,
Дедің сен терең күрсініп,-
“Тікенек болды қолдағым ”.
Жібек ең келмей түтімің,
Гүл едің келмей күтімің,
Қиналып міне, тұрсың сен
Елшідей жойған бітімін.
Не дейін саған, не дейін,
Жаныңа таза сенейін.
Адасып ұшқан аққуға
Жаным-ау, сені теңейін.
Қайтадан көктеп желегің,
Асқақтап шықсын өлеңің.
Мұңайып жүрген, құрбыжан,
Қуанғаныңды көрейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу