Өлеңдер ✍️
АҚЫН ДОСҚА ХАТ
Білігі мол ақынның
Әр сөзі нұсқа, жүйелі,
Желкеуде болса желіккен
Көпектей көшке үреді.
Меншіктеніп Ақтауды,
мұңданып жазған өлеңін
алдымнан шықты үнемі.
Тарихтың білген ақпарын
біреулер бұған күледі,
Ұрда-жық мінез әупірім
біреулер білек түреді,
Ойлағанда осыны
көңілге сан ой түнеді.
Білмеген болсаң өткенді
сәуле салсын санаңа
Өлеңнің өткір түрені.
Шағаладай шарқ ұрар
Мұндайда ақын жүрегі.
Біз білсек мына Ақтауға
кеңестік кезде келгенсің.
Мәскеуден тіке қамтылып,
нәпақаңды тергенсің,
Біреулердің сөзіне
байыбын білмей ергенсің.
Мұныңа жауап қатайын
жайым жоқ шала бүлінген,
Бұл аймақ үшін кезінде
Ерлерім білек түрінген.
Сойылмен қорғап даласын,
жүректілігі білінген.
Тарих солай сөйлейді
ойлап тапқам жоқ бүгін мен.
О,баста менің ер Бабам
ордасын тіккен осы жер.
Нәубет жылғы ойранда
Жер аудық, әруақ кешірер.
Тамыр тарттым емендей
топырағым осы өсірер,
Бақиға жаным ұшқанда
Осында мүрдем көсілер...
Құрсаған бұғау быт-шыт боп
құлаған кезде үстемдік.
Талайлар тартты еліне
көрмесе дағы еш кемдік,
Ұлыспен кейбір біргеміз
көңілде жоқ өшпендік.
Күн көрсетпей өзгеге
Болған жоқ жолын кескендік.
Бірақ сен жұртың көшкенге
толғапсың жырын ғаріптің,
Диуана тұтып өзіңді
өткенді көксеп жанықтың,
Ал, мен үшін бүгінде
серпілді бұлты тамұқтың.
Бодандықтың күні өтті
Тәуелсіздігім – жарық күн!
Маңғыстау бізге атажұрт –
Ата-анам кіндік кескен жер.
Зұлматты сонау жылдары
көз жасын төгіп, көшкен жер,
Қазынасы олжа боп
көкейін жұрттың тескен жер.
Сағыныш болған бауырға
Маңғыстау жақтан ескен жел,
Шет жерде жүр келе алмай
Үдере бір кез көшкендер.
Талайы қалды жат елде
Ажалы жетіп жаланған.
Оралған жандар ене алмай
айналып өткен қалаңнан.
Өз жерінің шәрлері
кем болмады қамалдан.
Өзіңнің үстем ойыңды
Сылып таста – санаңнан.
Шындықты ұғар ақын деп
Сөз саптадым жүйелі,
Егемен елміз, серпілді
бодандықтың түнегі.
Аман болсын атажұрт
Маңғыстауым киелі,
Осында жатыр өйткені,
жеті атамның сүйегі.
Бұл аймақты сондықтан
Риясыз жүрек сүйеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter