Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  98


Автор: Темір МЫҢЖАС

БӘРІМІЗ ДЕ БЕКЕТ АТА ЕЛІНЕН

Түркістан бардым,
Арыстанбабта көп халық,
Ағылып жатыр,
Ақ ниеттерін ақтарып:
«Жебемесе өлі – тірлікте кетпес бақ дарып!»,
Тәуба айттым іштей,
Ғұрыпқа қалған сақталып.
Мешітке кірдім,
Ұсынды орын төрінен,
«Келген жігіт деп Бекет атаның елінен»
Толқыдым қатты,
Мерейім кетті асқақтап,
Келгенім рас,
Пір атам жатқан жерінен.
Сонан соң сонау,
Ғайып Ерен қырық Шілтен басында,
Аңыз тарихтың іздерін көріп тасында,
Тізені бүгіп, тәу етіп тұр ем,
Шырақшы:
«Оғыланды мұнан биік пе? – деді – расында».
Толғандым іштей,
Биік дегенім жарамас,
Бүтін бір елміз,
Қашаннан жатқан аралас.
Жауабын күткен ағаға қарап дедім мен:
«Оғыланды біздің осы таулармен шамалас».
Шымкентте естіп,
Әулие Үкаша атағын,
Қашық та болса,
Басына бардық атаның.
Құдығына оның барғандар қауға ататын,
Қауғасы жұрттың
Бос қайтып сусыз жататын...
Құдыққа мен де:
«Бекет!» деп қауға тастадым,
Ұятты ойлап,
Рас-ты және сасқаным,
Сиынып Пірге арқанды тарта бастап ем,
Су толы қауға!
Биіктеп кетті аспаным!
Жол бастаушы Талғат:
«О баста-ақ сізге сенгенбіз,
Ата еліненсіз, алдымен кезек бергенбіз», –
Дегенде көптің назары маған ауды анық,
Сөз айттым сонда оларға қарап, толғанып:
«Әлемдегі жалғыз Қазақстан деген жерденбіз,
Бәріміз де Пір Бекет туған елденбіз»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу