Өлеңдер ✍️
ЕЛ БОЛАР МА ЕКЕНБІЗ?
“Құшағым кең мына сақи даламдай,
Достығым тең алынбайтын қамалға-ай”
Деп жүрді ғой адал көңіл аңқаулық,
Жан екенбіз жүрген әлі оянбай.
“Дала дархан, ал біз деген – бай халық”
Деп көкідік мінбелерде шайқалып.
Замананың дауылы кеп соққанда
Оның бәрі құр сөз екен, байқадық.
Бекер демей, енді қалай айтайын?-
Түсті, міне, бір жыртысқа байтағым .
Табиғаттың апаты аз болғандай,
Қайда қоям жат пиғылдар айтағын?!
“Қазақстан – дос ұлттардың мекені”
Деген сөздің кетті ме енді кетеуі?
Сықырлайды бабам тіккен ақ орда,
Желпілдейді жел соққандай етегі.
Қиянаты тұндырғандай құлақты,
Өпірем-күш өктем сөзді ұнатты.
Бір халықтың ата жұртын бөлшектеу
Олар үшін көрпе құрау сияқты.
Бұған қалай шамырқанбас тереңім?
Жан даусымдай жаңғырықсын өлеңім.
Жер жоғалса бабалардың көзіндей,
Болашаққа не деп жауап беремін?
Мыстан сөзді бойымызға дарытпай,
Қараулықты қиып түсер жарықтай,
Егеменді ел болар ма екенбіз,
Іргесі нық, еңсесі тік халықтай?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter