24.07.2022
  122


Автор: Төлеген Жанғалиев

Бабалар бақыт тұғыры

І. Әлқисса
Хаһ – Тағалам таратып тамыр-ізді,
Қазақ қып жаратқанмен қанымызды.
«Кімнен тудық», «кім болдық» деген сөздер,
Әр саққа жүгіртеді әлі бізді.
Сан ғасырға жалғасып халық көші,
Жаңа ашылып жатқандай тарих беті.
«Білдік», «көрдік» дегеннің бәрі өтірік,
Білгеніміз-тарихтың әліппесі.
«Қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін»,
Білмеген соң, жұртым-ау, не білесің?!
Шәкәрім жазып кеткен жалғыз дерек,
Өз халқынан алған жоқ өз үлесін!
Құдай-ау, кім қылады бізді мақтан,
Кеше ғана құтылдық «қырғыз»-аттан.
«Қазақты» казакпенен шатастырып,
Бұратана жұрттар көп бұлдыратқан.
«Қыпшақ» болдық, түбіміз – түрік дедік,
Арабтан ата-текті жіліктедік.
Басқа жұрттың бәрін де «баба» көрдік,
Тумаса да «туыстық иіс» сезіп.
Орыс бола жаздадық омыраулап,
Жетпіс жыл кәпірлердің қамын ойлап.
Желтоқсанның желіндей ызғар шашып,
Жас қазақтар шықпаса қаны қайнап.
Енді бүгін еңсеміз көтеріліп,
Егемен ел болған соң етегі-құт.
Одан-бұдан ой теріп, қазбалаймыз,
Өткенді жатпасақ та жете біліп.
Бүгінде көсем де көп, шешен де көп,
Кейде бізге осындай кесел бөгет.
Қолдан тарих жасалып жатқан кезде,
Қорқамын «қорда болып кетем бе» деп.
Хош делік, қоштамасқа қақың бар ма?
Жүген, құрық, тізгі мен тақым қолда.
Аласапыран заманның күні біткен,
Аттан түсе салатын – ақырғанға!
Қызыл қоғам кезінде тістеу көрген,
Қызыл тіл сөз сапырып күштенгенмен.
Сан ғасырлар сағынған ата-тарих,
Атой салып шықпай тұр күткен жерден.
Құдіретті Ислам дініндегі,
Бір мұсылман баласы бір үйдегі.
Төбелесіп жатқанда төрт бөлініп,
Қайда қалар қазақтың тірілгені.
Үш жүзге айтқанменен «бөлінбе» деп,
Текті қазақ таратар тегін не деп.
Тектен емес, туыстық, тыныштықты,
Діннің діңгек басынан көру керек.
«Аллаға серік ертпе» дегенменен,
Аруақсыз ұрпақты жебер немен?!
Атыңнан айналайын, ата-бабам,
Сен бізді мәңгілікке көгендеген.
Қанша ғасыр өтсе де шаң баспадың,
Қараңғыны қақ тілген алдаспаным.
Тарихтың тасқа біткен таңбасындай,
Тағы да сіздер жайлы сөз бастадым...
ІІ. Тұяқ
Сұры бұлт, сұқ көздердей сұрқай аспан,
Жер бетіне желімдей мұң таратқан.
Қалбалақтап қашады қаңбақ сорлы,
Қасқыр қуған еліктей қырқа жақтан.
Табан тірер түгі жоқ, доп-домалақ,
Қаңбақтай тамыр бар ма, тартқан азап.
Желіккен жел жеп-жеңіл лақтырады,
Ши түбіне тығылса бас сағалап.
Қайда қашып барады, қайда мекен,
Сая табар тұрағы сайда ма екен?
Ол үшін оң мен солдың бәрі де жау,
Тал-ағаш, бұлақ пен көл, тау да бөтен.
Қашады ол болғаннан соң дала-кезбе,
Қолтығынан ұстатпай қожа-желге.
Бір тұяғы болса ғой, дүние-шіркін,
Шіреніп тірей-тұғын қара жерге...
Қарт жылады, жас саулап сақалынан,
Қалмаған адам еді қатарынан.
Тоқсан жыл шаңырағына құт ұялап,
Тоқсан жыл от өрілген ошағынан.
Жан еді, жас кезінен жау қашырған,
Адам түгіл аң ыққан айбатынан.
«Елім» деп еңіреген сабаз еді,
Елді биік қоятын өз басынан!
Енді бүгін жүз жасқа тақалғанда,
Жер-бесікке жатуға бет алғанда.
Қарт жүрегін қалың бір қайғы басты,
Ащы зарын құя сап асау қанға.
-«А, Құдай, бердің маған берекені,
Атақ, даңқ, байлық пен мерекені.
Әттең, шіркін, артымда бір тұяқ жоқ,
Сол менің ғұмырымды көр етеді.
Адам-ғұмыр өлшенер ұрпағымен,
Ата-баба тұрғанда құрсағы кең.
Бұл дүниенің бақытты қарты да мен,
Бұл дүниенің қу басты қу шалы – мен!
Анау, қаңбақ жел қуған жер бетінен,
Сол қаңбақ бүгін менен кем несімен?!
Мен де бір сорлап қалған сормаңдаймын,
Өз үмітін өшіріп өз көшінен!...
А, Құдай, бар екенің рас болса,
Мені бүйтіп, зарлатып-жылатқанша.
Атымды атататын бір бала бер,
Арманым жоқ артымда тұяқ қалса!»
-Деді қарт көкке жайып қос уысын,
Аллаға басын иіп, басы бүтін.
Дүние, байлық, дәулет керегі жоқ,
Керек еді бір тұяқ батыр үшін...
Бұл сөзді Әлпеш ана тыңдап тұрды,
Ата сөзі жүрегін сыздаттырды.
Жалғыз ұлдың жары еді ерте өлген,
Құрсағынан өшіріп құндақ-нұрды.
Құдайым бұл қазаққа Ана берген,
Тіршілікке қарайтын дана көзбен.
Әлпеш – келін атаның күш-қуатын,
Арманының отынан жаңа көрген.
Көрген, сенген ұрпақтың боларына,
Қарамай атасының қабағына.
Тоқсұлудай аруды алып берген,
Ақылы сай көркі мен ажарына.
Найман-ата әулеті содан өскен,
Қасқа туып, кілең бір қаракөктен.
Белгібай, Сүйініштің мол ұрпағы,
Қазіргі қазағыңды қазақ еткен.
Әлемге кең жайылып керегесі,
Аңыз боп бізге жеткен өнегесі.
Алладан тұяқ сұрап, зар илеген,
Найманға құдай берді деген осы.
Абылайдан ары да тарих барын,
Ағайын, енді ғана анықтадың.
Төлегетай бабаны бүгін білдің,
Төрттен бірге жеткізген халық санын.
Төрт ұлы атақ, даңқы аңызға сай,
«Төртуыл», «Қаракерей», «Садыр», «Матай».
Мекенінің бір шеті – ақ «Алатау»,
Бір шеті «Ұлытау» мен «Тарбағатай».
Бір шеті – Сырдың бойы, Нар-Қаратау,
Бар қазақтың жұртына болған отау.
Теңіздей шалқып жатқан текті ұрпаққа,
Берсең де жарасады қандай атау.
Алладан бабам өзі алған сұрап,
Өкіреш атамыздан қалған тұяқ.
Бүгінде алты Алаштың көгіндегі,
Жарқырап жарық күндей жанған шырақ!
ІІІ. «Наридірген»
... Ботасы өлген бозінген зар илейді,
Зар, мұңы иесінің жанын жейді.
Өлген тірлік өмірге қайта келмес,
Тау мен тасқа басыңмен соғыл мейлі.
Сүт емес, қан жиналып емшегіне,
Қаздиып қатып қалған бел шөгуге.
Ақ таңнан қара кешке бір талмастан,
Бозінген арлы-берлі теңселуде.
Жануар жаны бөлек бала десе,
Аяқ асты көрген-ді қаза кеше.
Боздаланың құлағын шуылдатып,
Боздауын қояр емес әуелете.
Үй иесі қарт адам қаралы еді,
Жалғыз ұлдан айырылған жаралы еді.
Арқа сүйер ағасын жоқтай-жоқтай,
Қарындастың қан толған қара көзі.
Қараша үйді қоярдай қаңыратып,
Қара шалды кетті ме, тәңір атып.
Боздаған бозінгенде не жазық бар,
Ботасын жаңа көрген көзін ашып.
Қыз шықты, бозінгенді сауайын деп,
Боздатпаудың амалын табайын деп.
Тері бар, терісі-өлік ботасына,
Бозінген де тұрған жоқ жолайын деп.
Қыз айтты: «Болса-дағы жаның сірі,
Әке, бұл, бізге берген тәңір сыны.
Бозінгеннің боздауын тоқтатпасақ,
Қайғының бізді басар қалың түні
Сауын айтып келейін қалың жұртқа,
Өлім ұзақ болғанмен өмір-қысқа.
Кім иітіп берсе егер бозінгенді,
Соған мені беріңіз қалыңдыққа»...
... Сауынды естіп сабылды кілең мықты,
Жас қызға жасаймын деп күйеулікті.
Ал, бозінген боздауын тоқтатпады,
Осқырынып, тулатып үрей күшті.
Жалба-жұлба шудасын желпілдетіп,
Жас толған қос жанарын мөлтілдетіп.
Алға келсе «арс» етіп қасқыр құсап,
Артқа келсе өркешін селкілдетіп.
Жануар бір адамды жолатпады,
Боздауын одан сайын сабақтады.
Тауы құлап, тауаны қайтып жатты,
Жас арудың үміткер «қонақтары».
... Сәске түсте тағы бір келді қонақ,
Маңдайы кереқарыс, майлы қабақ.
Қысыңқы қара көзі жанған оттай,
Жан-жағын тастағандай сол дуалап.
Қолында қос ішекті домбырасы,
Тек сонда бар сияқты бар қуаты.
Астына мінгені де жай ат емес,
Ер-тұрманы ерекше ханның аты.
Аттан түсе танытып кемелді Ерді,
«Армысыз, ақсақал» деп сәлем берді.
Соның өзі жайнатып жібергендей,
Шер мен шел басып қалған көген көзді.
Ақсақал да қуанып, амандасты,
Қонағынан тапқандай табар бақты.
Жас қыздың жанарында үміт ойнап,
Алма бетін шоқтай ғып алаулатты!
Боздап тұрған бозінген жалт қарады,
Жасқағандай қонақтың қас, қабағы.
Содан кейін боздауға қайта басты,
Аз болғандай ботасын жоқтағаны.
... Домбырасын қолға алды жаңа қонақ,
Боздаған бозінгенге дара қарап.
Құлақ күйін келтіріп көп отырды,
Қос ішектің пернелерін санамалап.
Күй кетті, күмбір қағып шанағынан,
Азалы үйді шығарып азабынан.
Қара бұлттай жөңкіліп көшіп жатты,
Қайғы да бір қаптаған қара жылан.
Бозінген боздауынан сап тиылды,
Күйшіден көзін алмай ақ киімді.
Бір кезде емшегінің сүті саулап,
Күбісіне жас қыздың кеп құйылды.
Құдай-ау, бұл не деген күй-құдірет,
Ие тапты, иді емшек, иді жүрек.
Үш шерлінің басына бақ орнады,
Бақ құсының қонғандай бұлбұлы кеп!
Уәдеден шарасы жоқ босануға,
Күйші қонақ тіл қатты жас аруға.
«Айналайын, бар менің бала-шағам,
Құдай қосқан аяулы-қосағым да
Солардың көзіне шөп сала алмаймын,
Өзіңді қалыңдыққа ала алмаймын.
Уәдеңді қайтып ал, сауын айтқан,
Саудағы саусағымды сала алмаймын.
Адаммын арды сақтап, жөнін білген,
Жақсы жар табатұғын жолыңды үзбен.
Айналдым, ата сүйген жүрегіңнен,
Сый болсын, мына күйім «Нар идірген».
Аталар айтатұғын аңыз қылып,
Домбыра құдіретіне табындырып.
«Нар идірген» күйінің иесін де,
Ағайын, жаңа таптық, азып жүріп.
Қос шегін сан заманға қидырса да,
Шанағына қорғасын құйдырса да.
Қазақтың домбырасы жеткен екен,
Құрманғазы, Тәттімбет, Нұрғисаға.
Ал солардың атасы – Кетбұғаны,
Қай санасыз санадан жоқ қылады.
«Ақсқа құлан», «Нар идірген» күмбір қақса,
Бабамды бас сап сүйгім кеп тұрады!
IV. Сөз соңы
Сан ғасыр бұдан бұрын болған жайды,
Айта алса, ақындардан сөз қалмайды.
Ата-тарих тіріліп жатқан кезде,
Қай қазақ қаны қызып толғанбайды.
Бабаны білмей өстік бала жастан,
«Баба» дедік Ленинді қарабасқан.
Ойларымыз қозыдай «тышқақ» тиген,
Маңырады тек қана қора жақтан.
Тәубә, бүгін Тәуелсіз, «азатпыз» деп,
Қайта туып, қайтадын Алаш гүлдеп.
«Ұлытаудың» басынан «ұран» шығып,
Шыңғыстаудың басынан қазақты іздеп.
Жағамыз жайлау болып жатқандаймыз,
Тап басып, тарих көзін тапқандаймыз.
Сағат сайын кеудені керіп тастап,
Бабалар даңқыменен аспандаймыз.
«Күлдір-күлдір» кісінеп күн кешегі,
Бүгінгі ұрпағымен тілдеседі.
Қаракерей Қабанбай тумаса егер,
Қазақ қайда қалғанын білмес еді.
Қанжығалы Бөгенбай, Хан Абылай,
Көздерге көрінгенмен баяғыдай.
Сыйынып, табынарың сол емес пе,
Сыйынарың болғанмен дара Құдай.
Төле би, Әйтеке би, би-Қазыбек,
Керей хан, әз Тәуке мен пір-Жәнібек.
Біз қашан осыларды баба санап,
Осылардың сөзіне иланып ек...
Енді, міне, тарихтың көзі ашылып,
Тамырдан тамыр шығып, таратылып.
Біреуді-біреу танып, «ағасы» ғып,
Біреуді-біреу іздеп «бабасы» ғып...
Дүние айналады шыр-көбелек,
Енді ешкім жасамас бізге бөгет.
Қазақты-қазақ қана іздемесе,
Қазағым қаны басқа кімге керек?
«Найманкүре» - «Шыңғыстау» бүгін аты,
Абай туған адамзат құбыласы.
Алланың нұры түскен сол төбенің,
Алашқа тарап жатыр шұғыласы.
Сол шұғыла түспеген жер қалмасын,
Бүкіл әлем еліме созған басын.
Алаштай ара-жігі бөлінбеген,
«Қазақтай ел болсам» деп армандасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу