Поэмалар ✍️
Аянның «Абай қасқасы»
Ақ шаңынан тұяқтың ат көрінбей,
Тұлпарлар тұра ала ма тас тебінбей?
Кілең жүйрік орнынан оқ боп ұшты,
Күрең қасқа аттыға «шап» дегізбей.
Күрең қасқа аттылы бас төреші,
Ешкімге жоқ алты алас, бес бересі.
Ат қосқан Жарылғаптың Төкені де,
Ат жалына жабысып «тас кенесі».
«Тас кенесі» кішкентай Аян бала,
Таралғысы жетпейтін табанға да.
Жасынан ат дегенде жаны бөлек,
Әкесі құрметтейді соған бола!
Біріншіні бітірген биыл ғана,
Білім емес, спортқа үйір бала.
Ауылдағы бәйгеден қалған емес,
Алдына әзір түскен құйын ғана...
Алда міне, келеді зулап тағы,
Атпен бірге бойында тулап қаны.
Алды-артын орап алған аппақ шаңмен,
Ауданның небір жүйрік күйлі аттары.
Аянның астындағы-торы күрең,
Алты ай қыс босатпаған божы, жүген.
Жаз шыға жаратылып екі-үш айдай,
Жарысқа түсетұғын жабуымен.
Торының басқа аттардан тұрқы бөлек,
Қойшының аты қандай күй тілемек.
Терісінен аққан тері білінбейді,
Іші-мақта, тондардай сырты кенеп.
Ал, шапқанда атқан бір оқтай дерсің,
Шабандоз Аян болса, шаппай көрсін.
Тегінде бұл торыдан озар ат жоқ,
Көре алмайтын көрермен оттай берсін!
... Қарауыл қай ғасырдан бәйге төбе,
Қарауылға тегінде тау жете ме?
Оқшау тұр жалпақ жазық ортасында,
Көгеріп бауырынан сан көсеге.
Көрермен лық толса төбесіне,
Ұқсайды ол «Нұқ Пайғамбар кемесіне».
Қала берді Қарауыл қалқанға ұқсас,
Қалдырмас қара жұртын жел өтіне.
Ел қолына ілінсе-ақ жаздың жалы,
Бауырсақтай шашылып бардың малы.
Қарауылдың басында қайнай түсер,
Қара жұрттың аңсаған той-думаны.
Шопандар да бұл күні бір жасайды,
Алты ай қыс қой соңынан кім босайды?
Малды ауылдың ұлдары маңқасы ағып,
Қызықтайды жүгіртіп қырда тайды!
Төл тойы-шопандардың төл қызығы,
Кеңестік тілмен айтсақ «теңділігі».
«Даңқымыз, дастанымыз-шопан» дедік,
Еңбеккерде жүрген соң ел құрығы.
Төкең де төрде жүрген шопан еді,
Өзіне де, өзгеге қатал еді.
Қатал әке қайраған баласы отыр,
Қара желге қанталап бота көзі.
Тобылғы торы күрең топ алдында,
Топ жару қиын боп па табанды ұлға.
Топ жармаса ұят қой ел көзіне,
Топ жармаса ұят қой ар алдында.
Осыны айтқан әкесі ұлға мықты,
Айтпаса да береді кім намысты?
Алдына қара салмай жүрген жүйрік,
Айқай-шу естілгенде-ақ зырлап ұшты.
Торбесті қамшылауға қас жануар,
Аян оны біледі атқа құмар.
Тобылғы сап қамшысын сипай ұрса,
Текпіленіп келеді арттағылар.
... Аттың алды көмбеге таяп қалды,
Айқай-шуға толтырып ақ аспанды.
Бәсекелі бәйгеде тану керек,
Бәс үшін бас тігетұғын қазақтарды.
Қырсық шалса, шалады табан асты,
Артқа тастап жүйткіген тамам атты.
Аян мінген тобылғы торыны да,
«Бұлт етпе» бұрылыста қара басты.
Сар далада саршұнақ көп болады,
Тойымсыз топырақты ақтарады.
Сондай бір соқыр інге абайсызда,
«Күп» етіп кіріп кетті ат табаны.
Шабандоз ұшып кетті тымақ құсап,
Шарасыз шарт бұзылды шуақты сәт.
Сонда Аянды аяған бірақ адам,
Сонда Аянды қапсырған бірақ құшақ.
Ол әкесі-Төкен қарт төрде жүрген,
Атбегілік дарыған жөргегінен.
Содан шығар Аян да дүниені,
Танып өсті, талапшыл өз көзімен.
... Әке өлді, әке көрген заман өлді,
Ертоқым, жүген, құрық қораға енді.
Алты өрім тобылғы сап торы қамшы,
Атадан қалған бүгін о да белгі.
Сол белгі, соңғы тұяқ Аян үшін,
Жанталас мына өмірге жарау үшін.
Бүгінде ол ел таныған өрдей жігіт,
Халқы үшін аямаған қара күшін.
Біреулер оны мақтар «байымыз» деп,
Көмек сұрап жүретін халық іздеп.
Енді біреу мақтайды жүйріктерін,
«Аянсыз өте қоймас тойымыз» деп.
Не десе де орынды, заңды шығар,
Аянда ата-баба алғысы бар.
Ал, алғыс, бата алған жан арымайды,
Мәуелі тұғырында мәңгі тұрар...
Ол кезгі бәйге басқа, заман басқа,
«Жалп» етіп сөнетұғын алау жақса.
Ал, бүгін ер қанаты-арғымақ боп,
Ағындап келе жатыр «Абай қасқа».
«Абай қасқа» Аянның жүйрік аты,
Шыңғыстаудың шыңындай шын қуаты.
Ұлы Абайдың есімін алғаннан соң,
Тұғырдан оның аян мызғымасы.
Бәйгенің басы бүгін-автокөлік,
Елге мақтау беретін, жатқа көрік.
Сондықтан да шын тұлпар сатылмайды,
Ала алмайсың алтын мен ақша беріп.
Жаз шықса-ақ, жалт-жұлт етіп күміс жалы,
Бұлтылдап бұлшық еттің жүріп қаны.
Аянның бәйге аттары бәйге тосар,
Қыран құстай қомданып иықтары.
Жегені сұлы дәні, шөп құнарлы,
Салқын су-таудың мөлдір тас бұлағы.
Аянның жүйріктерін көрген кезде,
Міне сап қиқулатқың кеп тұрады.
Тайы да, жорғасы да тайпалатын,
Қолпаштап бапкеріне қол соғасың.
Ат шаршаса, шаршасын аламанда,
Ата-салт дәстүріміз шаршамасын.
... Әне, тағы келеді, «Абай қасқа»,
Озып шығар ат жоқтай одан басқа.
Күн сүйген күміс жалы жарқ-жұрқ етіп,
Ұқсайды желді тілген ақ алмасқа.
Артында ата-Шыңғыс тауы тұрар,
Қанында Абай елі намысы бар.
Жыр-әні таусылмайтын қалың жұрттың,
Қалайша пырағының сағы сынар.
«Жоқ дейтұғын Абайдың арғымағы»,
Жат жұртты Аян солай таң қылады.
«Қазақстан барысы»-Айбек болса,
«Абай қасқа» ел бағын жандырады.
Елдің аты шығады батырымен,
Елді сөзбен ұйытқан ақынымен.
Алдына қара салмас қас тұлпармен,
Арынды шабандоздың тақымымен.
Бұдан басқа бақ, бақыт ойнамалы,
Байлық та әркімдердің қолда бары.
Намысының найзасы тік тұратын,
Ерлері бар ел ғана-ел болады!
... Жер апшысын қуырып, желді ысырып,
Құйылған құм мен тастан көзді сығып.
Алда әне келеді «Абай қасқа»,
Ағайын, «алақайла», енді тұрып!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter