24.07.2022
  136


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қара Ертістің бойында бар үш қала...

І. Өскемен: кеше, бүгін.
Қара Ертістің бойында бар үш қала,
Қарық қылған көмір, темір, мысқа да.
Үш қаланың қанын сорған үш ғасыр,
Үш қоғамның үш патшасы мыстан, ә!
Мыстан демей, дұшпан демей, не дейін,
Халық емес, Хан толтырса көмейін.
Өзгелерге өңеш болса – «Өскемен»,
Кезбелерге қорек болса – «Семейім».
Кәрі арыстан Сталиннің тісінен,
Аман қалған Әуезовтің күшімен.
Үш қаланың үшбу халін бұрынғы,
Қазақтардың қабағынан түсінем.
Тәуба, құдай Тәуелсіздік алғалы,
Үш қаланың басына бақ орнады.
Қалаға кеп қаратаяқ болып жүр,
Қара қазақ қой қайырған таудағы.
Қысы-жазы дерт меңдетіп денесін,
Қарсы алатын қапырық пен жел өтін.
Малайсары-малшылардың маңдайын,
«Марқакөлдің» басынан да көресің.
Табандарын тіліп жердің қияғы,
Асық атып, бір қанбаған құмары.
Қара сирақ балалары ауылдың,
«Рақыманның бұлағында» жүр, әні.
Екі көзі қанден құсап қабаған,
Астана емес, Москваға қараған.
«Қыржақтардың» қылыш өтпес қылығы,
Тап қазірде тау бұлтындай тараған.
Жасыл көзді жарылқаған Өскемен,
Жанашырлық тосып еді, Меттеден.
«Ата-баба» қаны үшін кешегі,
Ата жұртты бірақ тепті ол өкпеден.
Храпуновты жүрген кезде күйеу деп,
Ол да кетті ой-шұңқырын түгендеп.
«Ақ құлақ» пен «сақ құлақтан» қорыққан,
Қара халық қалып еді тізерлеп.
Кеудесінде Алаш қаны тасыған,
Зердесінде рух тұнған жасынан.
Бердібектей бел баласы келген соң,
Қазақ қайта қарғып шықты қапыдан.
Өз елінде өгей болып, бөтен боп,
Көсегесін көгертпеген «көсем» көп.
Абай бабам атып ұрды Ленинді,
Ата-жұртқа «ақырғаның жетер» деп!
Бір басшының жетпей келген батылы,
Абай тапты өз орнын ақыры.
Бердекеңнің белі неткен мықты еді,
«Тарпаң» жұрттан тайсалмаған тақымы.
Ұлт рухын ұлықтағым жоқ қазір,
Талап болса, шығады екен тасқа гүл.
Қаршығадай қазақ ұлын қолдап тұр,
Қанатына қанат байлап Хақ-Тәңір.
Хақ-Тәңірдің қабағынан түскен нұр,
Қадамына бітіргендей құт пен гүл.
Қай кезде де қасында боп халықтың,
Қай кезде де қадірлі Әкім жұртпен жүр.
ІІ. Семей: Жұт. Топан
Астамшылық жасаса астам адам,
Аса жақсы көрмейді хақ-Тағалам.
Топан сумен сыпырып жердің бетін,
Тозаң қылар тауды да тас бораған.
Ұшырып күллі Әлемнің күлін көкке,
Құтырып аспан астын құйын кезсе.
Алланың алай-түлей ашуына,
Амал бар ма, ажалдан бұрын жетсе.
Табиғат бірде дана, бірде бала,
Ол дағы адамзатқа күнде қожа.
Төрт мезгілі төрінде күлгенменен,
Аяқ асты айналар зілзалаға.
Қысында-аптап аяз, ақ қары бар,
Көктемінде топан су тасты ағызар.
Жаңбырсыз жаздың жұты азынаса,
Қоңыр күз қобыз құсап босқа аңырар.
Бұл Семей көріп келген бұның бәрін,
Шүперекке түйіп ап шыбын жанын.
Көп құқайды көтеріп жатса дағы,
Тәуба етіп Тәңірінің бұйырғанын.
Ел ішінде еңбектің шамын жағып,
Мамыражай күй кешіп, малын бағып.
Ой, қырында түтетіп ауыл отын,
Жайбырақат жататын момын халық.
Бірі иітіп тап-тақыр жер емшегін,
Бірі еселеп малынан өрер төлін.
Ар сатпай, сақал сатпай ауыл халқы,
Армандап отыратын Ел ертеңін.
Алланың көзі түзу болмады ма,
Әлде әдейі сынақпен арбады ма?
Ширек ғасыр болмаған «ғасыр жұты»,
Ширығып түсті Шығыс аймағына.
Аппақ қар үсті-үстіне қалың жауып,
Ақырған аязбенен сағыздалып.
Сиыр түгіл, қой, ешкі тұрып қалды,
Қара жердің ала алмай шөбін қазып.
Тұяғы қақ айырған қара тасты,
Ат бауырлап, омбыдан омақа асты.
Марғау көкті шарлаған сұп-суық бұлт,
Малды ауылдың үстінен аза шашты.
Терісінен соққан жел үрлеп үрей,
Ақ боран азынады мүлде дүлей.
Су қиы бықсып жанған шопан үйі,
Даладай күңіренді күздегідей.
Мұң-қайғыны қабартып мұздай сұсты,
Жұтынған жұт ой менен қырдан қысты.
Бұратылып қалды ауыл бұралқы иттей,
Бұрын-соңды көрмеген мұндай қысты.
Қарға адым жер қадамды бір аштырмай,
Жан-жануар тұсалды, тұзақ құрмай.
Аудан, ауыл арасы кілт үзілді,
Жердің жүзі жете алмас Күн астындай.
Қыс боларын ұмытып талай жылдан,
Қырдың төсін қырғыштап амал қылған.
Шөп емес шөмеле үйген малшы қауым,
Шөгіп қалды атандай қан алдырған.
Мал түгілі таба алмай адам тамақ,
Жаяу-жалпы ағылды қап арқалап.
Айтып-айтпай не керек, жұтты көрдік,
Алласыздар амалсыз алар сабақ.
Бүгінде соның бәрі түс секілді,
Өткен күн-хат бетіндей бүктетулі.
Бердібек Сапарбаев болмаса егер,
Құтқара алар ма едім, құт-көшімді.
Тігерге тұяқ қалмай, таяқ ұстап,
Қаңырап қалар ма еді қора-қыстақ.
Облыс басшысының оңды көзі,
Апаттан аман шығып, жоғары ұшсақ.
Екі-үш ай елмен бірге қоса қыстап,
Қолда-барды аямай қотарып сап.
Ауыл жайын ойлаған тағы да сол,
Кім үшін кімдер қазір бас ауыртпақ?
Жат жарылқап жаныңды түсінбейді,
Барыңа да жоғыңа түкірмейді.
Өзің барда өзегің тала қоймас,
Өзіңсіз өзіңді кім бүтіндейді!?
... Жұтты да жеті ағайын дейді қазақ,
Осы да шын, ойласақ, ой қуалап.
Топан судың астында қалдық былтыр,
Жау жағадан алғандай қандыбалақ.
Семейдің көп аймағын сел ағызды,
Кім ұмытар сондағы азалы үнді.
Бұрын-соңды болмаған қардың суы,
Қаңбақтай домалатты «Қарауылды».
Шағын ел шарасыздық күйін кешіп,
Табанда таба алмады шығуға есік.
Қар суына қосылды Қарауыл да,
Атан сүйрер ағысын гүрілдетіп.
Аз ауыл мұхиттағы арал құсап,
Басынан бір-бір ұшып базарлы шақ.
Есі кетіп, ептері қашып қалды,
Қас-қағымда ашқандай ажал құшақ.
Түн ішінде шуылдап бала-шаға,
Сасқанда сағат соғып, таң ата ма?
Саз балшықтан салынған саман үйлер,
Үңгірдей үңірейді оба соға.
Ит ұлып иелерін жоқтағандай,
Бір сұмдық зобалаңға бастағандай.
Қапылыста қалың жұрт топырлады,
Топырақ толтыратын қап таба алмай.
От пен суды «тілсіз жау» деген рас,
Сел жортты ауыл үстін сере құлаш.
Аңдаусыз «ақырзаман» кеп қалғандай,
Шал-кемпір шарасыздан төгеді жас.
Апатқа адамзаттың бәрі үлестес,
Қашып одан қалуға ары жетпес.
Әйтсе де Бердібектің созған қолы,
Әлсіз жұрттың көзінен әлі кетпес.
Топан судың толқыны тоқтағанмен,
Ауыл түгел ағысқа ақпағанмен.
Қайраңдап қалған төбе – Қарауылда,
Басынан бағы ұшпаған баспана кем...
Қираған үй, қынадай қырылған мал,
Дүниесіз бос қалған дүйім жан бар.
Мұның бәрін біледі көзбен көрген,
Не біледі «ертек» деп ұғынғандар.
Елмен бірге қуанып, елмен жүрген,
Елмен бірге ренжіп, елмен күйген.
Облыс басшысына мың рахмет,
Қиын шақта ел-жұртын ерлендірген.
Ұғынып қалың халқын қас-қабақтан,
Сапарбаев сағымнан қақпаны ашқан.
Ризинка етікпен су жалдаған,
Кәне, тапшы, бір Әкім басқа жақтан.
Бүгінде жыртығымыз бүтінделіп,
Ошақтардан отырсақ түтін көріп.
Оң, солыма көз тастап, қуанамын,
Облыс басшысының ісін көріп.
Қала құсап барады қаншама ауыл,
Тағзым жасап, ауылын аңсаған ұл.
Жүз отыз ұлт өкілін бөліп, жармай,
Жүзі жарқын Әкімім ортада жүр.
Елбасының досы боп ең сенімді,
Өркендеткен Шығыста өркенімді.
Бердібектей беделді басшы бар да,
Бесенеден танимын Ертеңімді.
«Тәубә» деп Тәуелсіздік таңымызға,
Бас айналып жүр қазір бағымызға.
Жиырма ғасыр жырласа таусылмайтын,
Жиырма жылдық тарих бар қолымызда.
Түп-түгіл болмаса егер төрт құбыла,
Жетістіктің жетпес ек қас – Шыңына.
Адам түгіл Алланың өзі сенді,
Қазақ деген халықтың ақтығына.
Қолтықтасып күн кешкен қос қалаға,
Берекесін беріп тұр хақ-Тағала.
Мұнайлы «Ақтау-сити» сияқтымыз,
Шырайлы жетпесек те Астанаға.
«Жетерміз, жетілерміз» деп қоямыз,
Кеңді-Алтай, Хан-Шыңғыспен мақтанамыз.
Астана бар қазақтың жүрегі ғой,
Жүрек боп соға берсін Бас қаламыз.
... Әкімдіктің алдында Абайым бар,
Қарсысында Алла үйі-арайым бар.
Өркені мен Ертеңі-ертегідей,
Өскеменді келіп, көр, ағайындар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу