Поэмалар ✍️
Ақтолғау
Ақ түтек, ақ бораны бір басылмай,
Жолаушысын қоймайтын шым батырмай.
Күшікбай батыр баба кезеңіне,
Кез келді қарайтұғын жүз жасырмай.
Көзімізден көлбеген тұман көшіп.
Жүруші ек олай да өтіп, бұлай да өтіп.
Қалқиған қара төбе қарайтұғын,
«Ұрпағым мені ұмытқан шығар» десіп.
Қара төбе – киелі, қанды төбе,
Мәңгүрттікті жататын мәңгі сөге.
Міне, бүгін ұрпағы ұлықтады,
Ұрпақсыз қара тасқа жан біте ме?
«Аллауакпар» дегізіп алты Алашты,
Күшағам қайратына қайта басты.
Ақ дулыға сияқты ақ мұнара,
Айбарына шақырды шартарапты.
Ал, енді, қарамай көр, мұнараға,
Ал, енді тоқтамай көр, бұл араға,
Найзасын намысына қайрап өлген,
Ырқыңды билеп алар ызалы аға.
Ызасы қалса-дағы сан ғасырда,
Айналған алты Алаштың айбатына.
Алланың аппақ нұры ұялап тұр,
Алдаспан батыр жатқан дөң басына.
Қасиетті бұлағы шөл басатын,
Кезеңі келіп, кетер жолды ашатын.
Күшікбайдай батырдың туын ұстар,
Тұғыры аласармас Ел жасасын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter