24.07.2022
  151


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қуат

(дастан)
- Осы Қуат Өзбеханов деген кім, қай кезде де Абай еліне Атымтай
жомарттығын жасап жатады.
- Алдыңғы жылы «Қаламқас» халық ансамблі 100 адамдық құраммен
Астанаға барғанда алдарынан шығып, екі-үш күндік тамағы мен жатын
орындарын өз қаражатымен көтеріп алыпты ғой.
- Оны айтасың, марқұм Манарбек Таутановтың атында өткен
республикалық турнирдің бас демеушісі болып, екі жыл бірдей бас
палуанға автокөлік тіккен де сол емес пе?
- Абайлық «барыстарды» да ардақтап жүретін көрінеді.
- Не десең де жігіт екен!
- Өзі қай жердің тумасы?
(Ел аузындағы әңгімеден)
Бір көргенде көрінер жатқа дөңес,
Шыңғыстау-шың, құзымен асқақ емес.
Құз-жартас құрып кетсе көзге мақтан,
Ұл, қызсыз ол мақтаның мақтан емес.
Мақтанның да болады неше түрі,
Желпілдеп жел сөзбенен бөсетіні.
Ауызы «абайлықпын» дегенменен,
Аржағында тұратын кекесіні.
Аржағында тұратын алалығы,
Ата-текке жабысып ара-жігі.
Бір үйдің баласы да бірдей емес,
Адал ұлы болады, арам ұлы.
Сорты да, сапасы да ең жоғары,
«Бөкенші» деген бізде ел болады.
Ең нашары-олардың тас үгітіп,
Ең мықтысы-тауды да аударады.
Ұл, қызына бұл елдің көрік біткен,
Көрген жанның көздері еріп түскен.
Абай – баба Тоғжандай ару-қызға,
Ғашық болды деймісіз, жеріктікпен.
Осы елдің бір баласы – Қуат бауыр,
Ауылынан алыста, жырақта жүр.
«Елім» деп еңіреген бұл жігітке,
Ешкім де тең келмейді бірақ қазір.
Жасынан қалада оқып, қалады өскен,
Даңқ пен атаққа да дара жеткен.
«Ауыл» десе бірақ та жаны бөлек,
Ата-анасы бір кезде ауа көшкен.
Ата-анаға көшпеске амал жоқ-ты,
Келмейтін кезең келіп жамауға ескі.
Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы,
Ауылдың жарық күнін қараңғы етті.
Жұмыс жоқ, зейнетақы ол төленбей,
Жоқтық басты халықты еңсе бермей.
Аласапыран уақыт шыр айналды,
Асаудай аласұрған дерте көрмей.
Тұрсынхан-тұғырлы бір жігіт еді,
Ірепдел бойына сай ірі сөзі.
Алды-артына қарамай бірақ көшті,
Қаланың тоспаса да мұны төрі.
Қала да қарық болып тұрмаған-ды,
Жаны үшін жағалатып қу базарды.
Ала қапшық арқалап, тәшке сүйреп,
Алаш жұрты жанарын мұңға малды.
Мұндайдан мұңсыз өту-Ер сынағы,
Тұрсынхан өз қайратын қамшылады.
Тері жинап, жүн жинап күндіз-түні,
Терісі сымдай болып тартылады.
Шенеуліктің шекпенін тастап үйге,
Басы бүтін түскендей басқа күйге.
Маңдай терден іздеді бар мақсатын,
Маңдайын бұрып алып хақ-Тәңірге!
Көрді мұны көзімен бала Қуат,
Көрген істің өнеге болары қаһ.
Қолға біткен он саусақ орамына,
Қоғадай жапырылып қонады бақ.
Бақ қонды Тұрсынханның әулетіне,
Батпандап кіріс кіріп дәулетіне.
Еңсе тіктеп, ерленіп тұр ол – бүгін,
Ел-жұрттың қоссаң дағы қай көшіне...
... Астанаға ат басын бұра қалсаң,
Қуаттың қайда екенін сұрап алсаң.
Айтулы азаматтың ісін көріп,
Аңырып барған адам тұрады аң-таң!
Үйір-үйір жылқы айдап ауласына,
Байлықты басып алған жамбасына.
Қашан барсаң қалбақтап қарсы алады ол,
Қабағын күндей ашып қандасына.
Бір ауыл бір өзінің құзырында,
Бір ауыл бір өзінің иығында.
Жүзден артық жұмысшы қарыны тоқ.
Жүзіне бұл Қуаттың жылынуда.
Асфальт зауыт мұнда бар дүрілдеген,
Асфальті жылдар бойы бүлінбеген.
Жолға қожа тағы да осы Қуат,
Астананы жалғайтын Сібірменен.
Бәйге аттары тұяғын тасқа қайрап,
Бәйге десе шығады шоқша жайнап.
Қайыру да бермейді төрт түлік мал,
Қайырмаса жан-жақтан қаптағайлап.
Байлыққа да бас керек бабын білер,
Байлық орден емес қой тағып жүрер.
Мол дәулетің-шалқыған теңіздей боп,
Салғырт болсаң, сарқылған сабынды көл.
Бүгінде байлар да көп, тойған да көп,
Ел-жұрттан етек, жеңін жайған бөлек.
Өзбеханов Қуаттай жомарт жанның,
Өр тұлғасын тереңнен ойлау керек.
Ақша жасап жатқан ол зауыт емес,
Ақшасын аятпайтын намыс, егес.
«Қарабайлар» ауылда толып жатыр,
Қара басын ойлайтын қамыс-өңеш.
«Абайлықпын» деп олар мақтанады,
Ақшасына мастанып, төс қағады.
Ел мен жердің намысы сыналарда,
Ел көзінен сағымдай жоқ болады!
Біздің Қуат, білікті біздің бауыр,
Ел тойының ішінде ылғи да жүр.
Қуат келсе, туған жер қуанады,
Кім екенін білген соң кімнің қазір!
Өсірген ұйқы көрмей, маза көрмей,
Жетілген Қуаты бар-қаракердей.
Мың адамның басады мысын бүгін,
Тұрсынхан аға мене Зоя-жеңгей!
Ата-ана арманы да осы емес пе?
Қартайғанда қадірін еселетсе.
Балаңның барынан да жоғы артық,
Баққан-қаққан ісіңді бекер етсе.
«Тәубә, құдай, Тәңірдің сыйы осы» деп,
Армандарын қойғанмен түгесілеп.
Тұрсекең тұғырынан тайған емес,
Шет ел асып келеді бір-екі рет...
Одан қалса, бас қонақ – Астанада,
Бас қонақсыз бар жұмыс бастала ма?
Айдын деген жігіттен қалар іс жоқ,
«Айғайлап» қояды тек қоста ғана...
«Елін» сүйген Ерімді мақтан еттім,
Жат санап, жатпаған соң мақтап ешкім.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар,
Жас ұрпақ жақсы адамды жаттап өссін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу