24.07.2022
  156


Автор: Төлеген Жанғалиев

Шыңғыстаудың шежіресі.

Баба-тауым, Ана тауым-Шыңғысым,
Сар далада саған жетпес бір мүсін.
Үш алыпқа өмір берген өр тұлғаң,
Өзгелердің тұралатып тұр мысын.
Сенің төбең төңкерілген Ай беті,
Саған түсер күннің алғаш сәулесі.
Жер бетінде жеті керемет болса да,
Жетпес саған ешбірінің келбеті.
Жете алмайды көк аспанның көркі де,
Көктің өзі сұқтанады көз сүзе.
Айналғандай болып тұрсың бұл күнде,
Алламыздың жерге түскен бөркіне.
Қыран құсап қомдап қонған қанатын,
Кең құшақты керегедей жаясың.
Ана-тауым, баба-тауым, алда да,
Толғата бер Тобықтының баласын.
Саған қарап көш түзейді халқымыз,
Сенсіз мүлде жалаңашпыз, жалқымыз.
«Шыңғыстауда тудық» деген сөз мақтан,
Одан асқан керегі жоқ даңқыңыз.
Асқақ атақ, абырой да сол сөзде,
Келмейді оны келіге сап өлшеуге.
Қасиетті Тобықтының есімі,
Қабіріңе қашалады өлсең де!
«Абайлықпын» десең болды кеуделеп,
Аласарып қалмайтұғын пенде жоқ.
Айналайын, Абай туған Шыңғысым,
Алты Алашқа тұра берші көмбе боп.
Сен тірілдің, Егемен ел тірілтті,
Жұлып тастап мойындағы құрықты.
Ата-тегін білмей өскен жас ұрпақ,
Аласұрып іздеп жатыр туысты.
Күн Шығыс пен Күн Батыстың арасы,
Алтай, Арқа, Сыр бойының даласы.
Тонның ішкі бауындай боп бірігіп,
Толығуда Тобықтының баласы.
Бірін-бірі білмей келсе кеше жұрт,
Бүгін тегін таратады төселіп.
Көш бастаған Молдаш ағам әне жүр,
Көк кітабын көк туындай көтеріп.
Көк кітапта мың әулеттің ізі бар,
Ізбен адам өліп, қайта туылар.
Көп іздердің көшірмесі-Шежіре,
Шежіресіз өткеніңді кім ұғар?!
Шежірем бар, туысым көп, түгелмін,
Арқа тіреп Алашыма сүйендім.
Абыройы арта берсін қашанда,
Абайы бар қазақ деген Ұлы Елдің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу