Өлеңдер ✍️
«Кім» деп сені атасам, дұрыс болар...
«Кім» деп сені атасам, дұрыс болар,
Құрбым-ау, құрдасым-ау туыс санар.
Сырт айналып барасың неге менен,
Қыз бен жігіт емеспіз, қуыстанар.
Қарай бер, қалай болса сол бетіңмен,
Айналдым кемпір болған келбетіңнен.
Енді қандай, бақыт бар, асатұғын,
Елу жылдан кейінгі кездесуден.
«Танымайсың» дейсің-ау, танып тұрмын,
Одан сайын келіп тұр анық білгім.
Құрбым-ау, сенің көзің күн емес пе,
Жарқылын кім танымас жарық күннің.
Ол рас ойлы көзге айналыпсың,
«Жалт» беріп жастық шақта жанған ұшқын.
Қаны суық қарттықтың бір белгісін,
Қара суық үрлеген қолдан ұқтым.
Әнталақ әжім басып нұр жүзіңді,
Ажарыңнан аз-маздау сыз білінді.
Қолыңнан ұстап алған қолқанатың,
Танытып тұр баяғы қыз күніңді.
Ғұмырың да осы ғой жалғасатын,
Тұнығың да осы ғой шөл басатын.
Алла берген өмірің аз қалса да,
Алла берген ұрпағың көп жасасын...
Ол рас, жанарыңның нұры азайды,
Қабағың да танытпас туар айды.
Опа жаққан бетіңнің әр жерінен,
Опасыз уақыт көзі сығалайды.
Өткен күнге айтпайық өкпені көп,
Өмір осы әттең-ай, әттеңі көп.
Кел, құрбым, шыр айналып бір билейік,
Оралмас жастық шақтың кептері боп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter