Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  162


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қазақпыз біз, азатпыз.

Бір қазақты қаққа бөліп ортадан,
Жасағанға қарсымын мен жарты адам.
Алақанға мұз қатырып не керек,
Аяз қысып тұрған кезде арқадан.
Он миллион бар екенбіз, біз, қазақ,
Ойға, қырға қағып жүрген құр қадақ.
Атқа қонса ата қуып, жүз қуып,
Атой салмай, шығатұғын “Ұралап!”
Қазақ болып, азат болып жатсақ та,
Айызымыз қанбағандай мақсатқа.
Қала ұқсап бара жатыр шет елге,
Ауыл жатыр аяз бенен аптапта.
Күндестігі күл шашатын о баста,
Қандай адам дос болады қазаққа.
“Жау-жағадан, бөрі-етектен” алмай-ақ,
Жанталасып жармасатын балаққа.
Үйшігінде үрген иттей қасқырға,
Қарсы жүзе алмайтұғын тасқынға.
Құр кіжініп жататұғын қазақпыз,
Құрып кетсе құрбақаның астында …
Ащы шындық айттым баба, кеш мені,
Өлез жұртқа болғаннан соң өкпелі.
Ұлын сыбап, қызын сынап алатын,
Бұл да болса, ұлы Абайдың мектебі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу