Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
117
Жанталас
Адамдардың бәрі қазір-жанталас,
Жанталаспай қоясың ба, қалсаң аш.
Қошқар басқа ұқсағысы келеді,
Қой соңында маңыраған марқа бас.
Бай байысам үсті-үстіне деп тілер,
“Теңдесі жоқ боламын” дер “тектілер”.
Ақшасы жоқ ақылдылар алдында,
Ақшасы көп арғымақтар көк тірер.
“Мерседесті” менсінбеген паң басшы,
Мекіреніп енді ұшақ алмақшы.
Бай әйелі бала таппай “бедеу” боп,
Жалшы әйелден жалдап алар “толғақты”1
Қолда барлар қонышынан басып тек,
Мал жинаса мақтанады “кәсіп” деп.
Қой қорасын күзетеді Әкімдер,
Қой қиынан қашып жүрген сасық деп.
Қу құлқынның құлы болмас жоқ пенде,
Жерді қойып, көктен іздеп кетсең де.
Бай мен кедей теңеледі тек қана,
Қомағайлау қос жанары өшкенде… !
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter