Өлеңдер ✍️
Шам
“Ақсақал” деп айтпашы, әй, қарағым,
Осы сөзге оп-оңай шамданамын.
Көрмейсің бе, көсемін, көк иекті,
Шалға ұқсатып тұрғаның қай мазағың?
Қара Ертістің бетіне қатқан мұздай,
Көктем сайын күркіреп қозғаламын.
Қайрат қайтып қалса да жүрек шіркін,
Қалай қияр жастықтың қан-базарын.
Сырларым – сырғасындай бойжеткеннің,
Жырларым құрдасындай бозбаланың.
Көз әйнексіз көрмейтін көздерімді,
Көшелерге сықситып аударамын.
Жақтырмай да отырам ондай кезде,
Жанымда немеремнің ойнағанын.
Буындарым сықырлап жатса-дағы,
Буырқанып кетеді бойда қаным.
Оңға қарап қоямын оңашада,
Солқылдатып тартса да сол қабағым.
Өзімді-өзім қартайта берейін бе,
Өлімге асығады қай қазағың?
Маңқылдақ маң төбет те бола алмаймын,
Маңайынан шықпайтын қой қораның.
Жақсы иттей жалғыз түнде ғайып болам,
Жарығын түскендей паң даланың … !
Қолтығымнан деметкен күнім құрысын,
Қорлама, ақын жанын қой, қарағым …
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter