Өлеңдер ✍️
Жағымызды суалдырып ет қашты....
Жағымызды суалдырып ет қашты,
Ата болдық ақ самайлы, ақ шашты.
“Тозбас” деген, “солмас” деген ешқашан
Тобылғы сап кездігімді тот басты.
Қарын қалды бос қапшыққа айналып,
Қайда барсақ алдымызда – ай жарық.
Таңмен атып, күнмен батып жатамыз
Қасқа сиыр бас жібіне байланып.
Кәрілерге күлген көзден су ақты,
Алақанмен қалқалаймыз құлақты.
Бәйбішеге бәйек болып жүреміз
Шешесі өлген өгей бала сияқты.
Үйге кірсем “үйдей пәле бар ма” деп,
Түзде жүрсем берілемін ойға көп.
Маңайымнан әтір иісін аңқытып,
Маңдайымнан сипалайды майда леп …
Маңдайымның ар жағында әжім бар,
Әжім емес, Хаһтан түскен жазулар.
Жазулардан жазбай маған ұқсаған
Шырылдаған шындығымды таныңдар.
Айтып жүрген алпыстарың осы ма?
Асқар таудың шыққандаймын басына.
Аржағында қайтып келмес ауыл бар,
Қарай берем, қарай берем шошына …
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter