Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
162
“Кемелі жоқ көп шуылдақ” ішінде
“Кемелі жоқ көп шуылдақ” ішінде
Келем мен де келмей ешбір бітімге.
Таудан, тастан қайтпайтұғын жігерім,
Тал қарманып, тақап қалды бітуге.
Ақыл-ойдың толтырам деп кемдігін,
Алыс-жұлыс, айқаспенен өлді күн.
Алпысқа кеп босатқанмен ат басын,
Арғымаққа теңер мені енді кім?
Біздің шабыс енді қалған біркелкі,
Құтырынып тұрғанменен құр көркі.
Ақ қағазға араздасып қараймыз
Асықтырып қоймаған соң жыр дерті.
Шымырланып шықпаған соң жүректен,
Ол жырдың да ойға серік күні өткен.
Басқаларды бас шайқатар мысы жоқ,
Емеурінді таниды тек иектен.
Ауызымда амал баққан жамау тіс,
Ақ селеудей сіреседі самай тұс.
Көрсететін енді қандай сиқың бар,
Көрінгенге көз сатқызған, ау, Алпыс!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter