Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  143


Автор: Төлеген Жанғалиев

Апыр-ай, мына заман оңала ма...

Апыр-ай, мына заман оңала ма,
Сұрау көп аққан су мен ауаға да.
Адамды асырайтын базар болса,
Базарды асырайтын баға ғана.
Алдарынан қойсаң да қақпан керіп,
Алыпсатар адамдар ашкөзденіп.
Аңқау елге арамза молда құсап,
Алдағанын айтады мақтан көріп.
“Дағдарыс” деп далитып жүргенменен,
Дағдарысқа әлі жұрт үйренбеген.
Бет қызылын беліне орап тастап,
Бетсіздер безереді кірден жеген!
Малшы қауым масайрап бір күлмейді,
Бөрі арығын бірақ та білдірмейді.
Сайын дала қожасы—қойлы ауылдан,
Сасыған жүн мен тері жүргізбейді.
Теледидар тыңдасаң-бәрі жақсы,
Жақсылыққа тек ауыл жарымапты.
Қала менің көзіме көрінеді,
Қайырымсыз баладай қолы қатты…
Мейлі ғой, ауылда тұр, қалада тұр,
Қай жерде қат болмаған қара бақыр.
Сауылатын сиырын саудалауға,
Жесір әйел жетектеп бара жатыр.
Жартас та жаңғырады қақсаң дабыл,
Қалаға айғай да бір, аттан да бір,
Панасыздау ауылым Анаға ұқсас,
Панасыздар үйінде жатқан қазір…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу