Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  482


Автор: Төлеген Жанғалиев

Аз ба, көп пе, бір алпысты жасаппыз...

Аз ба, көп пе, бір алпысты жасаппыз,
Болғамыз жоқ, абыройсыз, атақсыз.
Еңкейгенге – елпілдеген жуаспыз,
Шалқайғанға – шарт сынатын шатақпыз.
Атқа отырдық “атқамінер” болсақ деп,
Таққа отырдық тарихта да қалсақ деп.
Қора-қора мал жимадық, дос жидық,
Қолымызға су құятын қоршап кеп.
Қызыл билет қыздырған соң жүректі,
Қызыл тілді безеуменен күн өтті.
Майлыаяқ боп итаяқты жаладық,
Маң төбеттер мұжығанда сүйекті.
“Төр менікі” дегеміз жоқ сонда да,
Төрелікті іздемедік қайда да.
Алдыменен қиындыққа біз түсіп,
Алдыменен біз жегілдік арбаға.
Жағынғымыз келмесе де жағындық,
Табынғымыз келмесе де табындық.
Өзіміздей өзекті жан-пендені,
Өзімізге алдық жалғыз Тәңір ғып!
“Тәңір-адам” тәлтіректеп әне жүр,
Дәл қазіргі оныкі де дәме құр.
Қара Ертістер қара суға айналып,
Ағысынан жаңылды аға- “Ақ Еділ”
Күркіреген өзен көңіл бізде жоқ,
“Алпыс” деген асу оны тұр бөгеп.
Сыртқа шықсақ сырт киімнің түймесін,
Немереміз жатады енді түймелеп.
Тәубә, Құдай, осыған да шұкірміз,
Ұлан-ғайыр ұрпақпенен бүтінбіз.
Тақ та, бақ та қолдың кірі емес пе,
Тастап кетсек болды арттағы тұқымға із!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу