Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
231
Кісімісің, сен жанымда бауырым...
“Кісімісің, сен жанымда бауырым,
Мен ақынмын, Алаш білген қадірін”-
Деген кезде кеудемсоқтау бір ағай,
Дертесінен ата шықты сабырым.
Кісіміз ғой, бәріміз де кісіміз,
Кісілікке ұқсаған соң түсіміз.
Көкте – Құдай, жерде – құмай емессіз,
Кеудемізден ау, ағатай, түсіңіз!
Кеудемізді бастырғанбыз талайға,
Қамшы сілтеп жүрген кезде Абайға.
Ажалға да қарсы тұрған қазақты,
Алла ғана жеңе алады, алайда,
Қуыс кеуде құрты қозып ішіңнің,
Құйын қуып, аға, неге, құтырдың.
Бергенің мен алғаныңды мақтан ғып,
Бетке ұстаған беделіңе түкірдім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter