Өлеңдер ✍️
Апыр-ай, мына күннің өртенуі-ай...
Апыр-ай, мына күннің өртенуі-ай,
Көлеңкенің өзі де ертеді май.
Ала жаздай бір тамшы су тамбады,
Қайда жүр берекесін берсе құдай!
Аңызақ, аптап ыстық қолқа қапқан,
Аппақ шаң шаңытады шартараптан.
Маң дала да сүзекке шалдыққандай,
Май айында бойынан майса қашқан…
Шатырдай көк жүзінде шарбы бұлт жоқ,
Аспанды ала құйын алды бүктеп.
Қара нөсер шіркін-ай, төгер ме еді,
Қара жердің айызын қандырып кеп…
Тас қажаған таңдайын шөл қуартып,
Мал екеш мал да бүгін қалды қатып.
Көбік ауыз жылқылар үйіздейді,
Көлеңке ғып жалдарын жылбыратып.
Тамыз тумай таусылған бұлақ әні,
Өзен, көлдің өзегі қуарады.
Айға қарап таранған ақ қайыңдар,
Ажарынан қазіргі ұялады!
Жаз айының биылғы сыйқы осындай,
Кете ме, кербез аспан су татырмай.
Осыны ойлап көңілім құлазиды,
Құтырып құйын кезген қу тақырдай…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter