Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  96


Автор: Төлеген Жанғалиев

Ойғы айдың оң қарап...

Ойғы айдың оң қарап,
Танытты бүгін оң қабақ.
Топырақ басты саршұнақ,
Тоңынан шықты жорғалап.
Ішірткі жазған бақсыдай,
Ішімнен тұрмын “тәубәләп”
Айына қарап бал ашпас,
Алласын ұққан қай қазақ?!
Шалқадан түскен шалғы Айым,
Шағылтты күнге маңдайын.
Тамырын тірлік қуалап,
Таранып жатыр тал, қайың.
Жаңғырды малшы дауысы,
Жартасқа жанған “айғайын”.
Оң, солы тесік ағайын,
Оңалар енді жағдайың,
Жылымық қыстың соңынан,
Жылылық келер әрдайым…
… Ораза ұстап тіліме,
Оралдым мен де дініме.
Арман да, бақ та бәрі бар,
“Алла” деп жүрген тіріге.
Құмырсқа тірлік не керек,
Құмы не, білмей суы не?
Жер тесіп күндер жататын,
Жете алмас бәрі бір түбіне.
Енжарлау бүгін қараймын,
Елу жыл салған ізіме.
Шұбалаң жолдан не пайда,
Бір адам түспес біріне.
Құлдыққа көніп келіппін,
Қу тірлік сүйреп тініне.
Адыра қалған арманым,
Айналды қидың күліне.
Жеп-жеңіл күлге жел қожа,
Желпиді көкке үйіре.
Қабарып соққан дауылдан,
Қалмайды оның түгі де.
Алдағы аз-маз өмірге,
Алаңдап қоям түңіле.
Басқаның баққан ауызын,
Баспақшыл күнің құны не?…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу