Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
95
ШІМІРІКПЕС ШІРКІНДЕР…
Анау да ақын, бүгінде мынау да ақын,
Жыршы да көп жыршыдан жырау басым.
«Қайтесің жаза берсін» деп қоямыз,
Білген соң шіркіндердің ұялмасын.
Анау-білгіш, бүгінде мынау білгіш,
Білгіштердің білімін сынау бір күш.
Біреуі айдындағы аққуды ұстап,
Біреуі қиядағы қыранды ілгіш.
Бірі-тарих, ал бірі-шежіредей,
Өзі бай, керісінше, сөзі кедей.
Қалталы Қарабайлар толып жатыр,
Өзгеге татырмайтын өзі жемей.
Бәрі мықты, бәлсінген, бәрі дарын,
Тіреген әдебиет шаңырағын.
Шімірікпей шіркіндер жүріп жатыр,
Ұмытып ұлы Абайдың аруағын.
Тегінде бұларға да ие керек,
Тезге сап отыратын тізе керек.
Кейде мен шоқ басқандай шошып қалам,
Өлеңіміз өліп қап жүре ме деп!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter