Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  138


Автор: Төлеген Жанғалиев

ЭПИТАФИЯ

Тергей бермей, тепкіленіп белсініп,
Ой-хой жүрек, ойлануға берші ерік.
Көңілім бір орман еді жап-жасыл,
Жанып кетті жалын атып өртеніп…
Қайда екен, менің әнші құстарым,
Қайда екен, сезім деген ерке елік?
Ой-һой жүрек, ойлануға берші ерік!
Қайда екен, қайран менің бұлбұлым,
Титтей болып арқалаған жыр жүгін.
Өрекпіген өрттен қорқып өшірді-ау,
Өлең болып өрілетін сырлы үнін.
Әлде қазір әлек болып жүр ме екен,
Әлдекімнен әділ даулап тірлігін!
Бұлай болар деп ойлапты кім бұрын?
Айналайын, саясы мол адамдар,
Кезің келді ұрпақ үшін алаңдар,
Көңіл деген көк орманым жанса да,
Көп сезімге көлеңкелік шамам бар.
Қаңғып жүрген қара қанат құс көрсең,
Қайта әкеліп ұясына қамаңдар.
Аянбаңдар, айналайын, адамдар!
Дулы еді, думанды еді ну орман,
Қалды қазір «өртең» болып қуарған.
Қыбырлаған тірлігін тек жасайды,
Құмырсқалар илеуіне шұбалған.
Кім еді бұл «от»жағуды үйреткен,
Кім еді бұл «өрт» қоюды шығарған?
Оны қазір ойлағанмен-ұға алман!
Жырмен жүрген көп сезімді асырап,
Жігіт едім, дұшпаны көп , досы қат.
Жаным менің жанбай қалған жапырақ,
Жатыр қазір жан-жаққа ұшып, шашырап.
Аялайтын адам бар ма шіркін-ай,
Аңдып тұрып, алақанға тосып ап.
Жаным менің жалғыздықтан шошымақ!
Тергей бермей, тепкіленіп, белсініп,
Ой-һой жүрек, ойлануға берші ерік.
Көңілім бір орман еді жап-жасыл,
Жанып кетті, жалын атып өртеніп…
Қайда екен , қайран әнші құстарым,
Қайда екен, сезім деген ерке елік?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу