Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  168


Автор: Төлеген Жанғалиев

ҚАРЛЫҒАШЫМ ҚАЙДА ЖҮР?

Қарқылдама, әй, қарға, қарқылдама,
Қарамаймын сен түгіл алтынға да.
Түбіңе жететұғын түлкі емеспін,
Арбау емес менікі айту ғана.
Қарқылдама, әй, қарға, қарқылдама!
Ұғатын құлақ болса жан сырымды,
Мен бір жанмын жоғалтқан алтынымды.
Қанатымен су сепкен қарлығашым,
Таңдайыма тамызып бал шырынды.
Бір-ақ күнде көзімнен ғайып болды,
Қайырылып көрместей қайта үйімді.
Қуантып оятатын құба таңнан,
Құсым еді қолыма ұя салған.
Аңғал байқұс шошынып кетті ме екен,
Адамдардан безінген ұят, ардан?
Жұбатсам да өзімді өзім бүгін,
Өксіп жатқан жүректі жұбата алман.
Қайғысы жоқ , қанаты бүтін еді,
Қапылыста тиді ме кісі көзі!
Қызыл кітап түгілі жүрегіме,
Жазып қойған жазықсыз құсым еді…
Таспен атып қуды ма анау тасыр,
Неге жерге немкетті түкіреді?!
Қарғатай-ау, айтсаңшы хабарыңды,
Көрсеңші көзімдегі обалымды.
Қарқ боп қарқылдайсың, қарлығаштың,
Ұясынан тауып ап тамағыңды.
«Шоқ-шоқ» деуге сенің де тілің келді,
Сезгенмін дәл осылай боларыңды.
Сенен басқа шағамын кімге мұңды,
Сенен басқа құрғатар кім көзімді?
Ай астынан іздейін, күн астынан,
Айтсаң болды қай жақтан іздерімді.
Қара ниет болсаң да қаның бір ғой,
Қарғатай-ау, сездірші білгеніңді!
Онсыз да мазақ қылар аз ба надан,
Қарқылдап , қайран қалма, қарға маған.
Жерұйығын іздеген Асан қарттай,
Жер көкті шарқ ұрып, шарла-барам.
Әйтеуір, қарлығашты таппай қойман,
Таппасам, табан тозған жерде қалам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу