Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  331


Автор: Төлеген Жанғалиев

ЕЛУГЕ КЕЛЕ ЖАТЫРМЫН

Жасымды келмес жасырғым.
Елуге келе жатырмын.
Егеулі найза емеспін,
Жүзі де қайтқан сапымның!
Жүрегім тозған сағаттай,
Жүруді қойды жаратпай.
Жатамын ымырт жабылсақ
Тұрамын және таң атпай.
Көз алдым елес әлегі,
Көп жайға көңіл дәмелі.
Құр атқа мінген баяғы,
Құлақта жастық әуені.
Қансонар ізі маңдайда,
Қайырылар кейін жол қайда.
Жастықтың ауылын іздесем,
Жармасар қарттық шаужайға.
Жәйім жоқ, енді жасарар,
Көңілде рас, қапа бар.
Қылмыңдап қарап қояды,
Қырықтан асқан «апалар».
Қанағат таппай қарарға,
Оқшиям сұспен оларға.
Менсінбес менде не қалды,
Менмендік бірақ болар ма?
Су тескен жартас секілді,
Егделік мұжып бетімді.
Еріксіз ілбіп келемін,
Елуге түзеп көшімді.
Елуіңе де келермін,
Еліме есеп берермін.
Еңбегіме сонда ұрпақ,
«Екі» қойса не дермін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу