Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  111


Автор: Төлеген Жанғалиев

БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕР

Солженициннің картасы емес «жасалған»,
Қазақстан, ғажапстан қашаннан,
Талай рет тар қапасқа қамалып,
Талай рет қыл бұрудан босанған.
Талай рет тас табанған тапталған,
Тауық құсап қызыл шоққа қақталған.
Сонда-дағы бар адамды туыс деп,
Бар адамға баға жетпес дос болған!
Аштыққа да, жоқтыққа да шыдаған,
Көздің жасын көл қылып көп жылаған.
Құлағына құрбақа да ойнатқан,
Құлан құсап құр құдыққа құлаған.
Темір тәртіп тезге салып тебінген,
Тілінен де дінінен де жерінген.
Итжеккенге арыстарын айдатып,
Өз бармағын өзі тістеп, кемірген!
Қой мінезді, қоян жүрек жұртым-ау,
Осы бізден кетпей қойды-ау бір «тымау»,
Асып кетсек, арбау алдау алалау,
Тасып кетсек, талау қамау, жұлқылау!
Біреу біздің жерімізді даулайды,
Табанға сап тартқылауды ойлайды.
Біреу елдін абыройы-Абайды,
«Нашақор» деп намысынды қорлайды.
Дәл осындай бассыздықты кім көрген,
Бассыздарға балта, қылыш кім берген?
Желтоқсанның желі қайта шығар-ау,
Сабыр түбі сары алтын деп жүргенмен!
Дос дегенге жүрегі-ақ біз жақпыз,
Мамық жастық, майса көрпе, сырмақпыз.
Езгілеуге енді елім шыдамас,
Қашанғы бір тұлып болып тұрмақпыз!
Ел тілегі – егемендік: еркіндік,
Біздерге жат ұлтшылдық та жершілдік.
Жетпіс жасқа жеттік талай бейнетпен,
Сол бейнеттің зейнетін тек көрсін жұрт!
Адамдарға ажалды ерте шақырған,
Жер анамыз ада болсын атомнан.
Сәбилердің күлкісімен күн шықсын,
Тумай жатып «дүңкілдектен» шошынған.
Солжинициннің қартасы емес «жасалған»,
Қазақстан – ғажапстан қашаннан.
Бөгде елге бөлінетін жерім жоқ,
Бөгенбай боп, Қабанбай – боп қасарған!
Тіл тіріген мынау еркін заманда,
Ойын анық айту керек адамға.
Тірлік үшін тілді тістеп қалғанша,
Сақау болып жүрген жақсы оданда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу