Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  115


Автор: Төлеген Жанғалиев

КЕРІ СӨЙЛЕУ

Өз ауызың өзіңе өмір бойы түрме боп,
Айтарыңды айтқызбай ашынатын күн де жоқ.
Атың өшкір жаланың жаназасын шығардық,
«Ақ құлаққа» сақ құлақ жеткізетін тіл безеп.
Күндестіктің күні де күлтөбеге айналып,
Бұрыңғыдай бұрқырап жатуын да қойды анық.
Ұры, қары дегенді ұмыта да бастадық,
Жалғыз сиыр сүтімен шай ішеміз жайланып.
Әлсіздерді әлділер умаждауын тоқтатты,
Көрінбейді көшеде көбік ауыз көп бақсы.
Аста-төкке малынған ашпа-жалап адамның,
Кеңірдегін кекірек, тоқ ішегін боқ басты.
Сүйсінеміз өмірге сүйретпеген шұлғауын,
Мықтап байлап тастадық мықыны тоқ мұң-қабын,
Көселердің көгерген иегіне түк бітіп,
«Көсемдер» де ауызына алып жатыр иманын!
Тістің бәрі бүгінде майда тілге айналып,
Бір сөз айтсақ үстіне жібереміз май жағып.
Қарабайдың заманы қайта туып келеді,
Жантық біткен жарықтық Қодарларға ор қазып!
«Заман – түлкі болса егер тазы құсап шалатын»,
Қазағымнан қашанда халық бар ма, озатын.
Кері сөлеп тұрсам да кейімейді байқұстар,
Қайта-қайта қайталап көкек құсап өз атын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу