Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
170
ҚҰДАЙМЕН ТІЛДЕСУ
Сенбеймін жоғыңа да, барыңа да,
Ары таза бір жанмын, жаны жара.
Құдай-ау, құрығыңды сілтегенмен,
Басы асау бұл ақын бағына ма?
Шырқыратып келеді-ау ұстап алғың,
Сенімен белдесуге мықтанар кім?
Көшкен жұртқа ере алмай онсыз да мен,
Көкке ұлыған кәрі иттей жұртта қалдым.
Дос та кетті долданып, домаланып,
Қас та кетті мысқылмен қарап алып.
Тек қана ақыным деп аялайды,
Ар-ожданы ақ қарадай таза халық!
Мібелерде тұрушы ем жарқыл атып,
Мысым басып, талайдан нарқым асып.
Дерт меңдеген денемді жатыр қазір,
Сұм ажал жапырықтай қалтыратып,
Жалғыздарды жарылқар жағдайың жоқ,
Сен жүрсің мені-дағы жалмайын деп.
Қашанғы қаша аламын, бірақ күні,
«Тарс» етіп тасқа тиер маңдайым кеп…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter