Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  168


Автор: Төлеген Жанғалиев

Кеудемде боран ұлып, ыза кернеп...

Кеудемде боран ұлып, ыза кернеп,
Қашанғы қаңтар құсап тұра бермек.
Кәрі, қара ағаштай сұп-суықпын,
Бара жатқан басына жылан өрлеп.
«Қап» дегізіп, өкінтіп, қайран өмір,
Қалтырайды қауқарсыз майда көңіл.
Алды-артыма қарасам бәрі – тұман,
Өткен іс айтуға ауыр, ойға жеңіл.
Көп жуылған көйлектей өңі кеткен,
Бояусыз бозарады өмір өткен.
Талай-талай таңдарды бірге атқызған,
Таныс көзді таппайсың төңіректен.
Таң қазір бұрынғыдай атпайтыңдай,
Бұлақ та бұраң қағып ақпайтыңдай.
Мүлтіген бау-бақша да баяғыдай,
Мүңкітіп жұпар исін шашпайтындай.
Құс екеш құстардың да үні басқа,
Құйқылжып құйылмайды жыры баққа.
Олар да қартаң тартып қайтқан сынды,
Жастығын жамыратып жылы жаққа…
Айналам жатсам да өлең, тұрсам да өлең,
Оны ұқпайды ойларым, мылқау, керең,
Жапырағын жел қуған терек құсап,
Селдіреген шашымды сипай берем…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу