Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
24.07.2022
160
Кең дүниеге сыймай жүріп мына біз...
Кең дүниеге сыймай жүріп мына біз,
Екі метр жерге ертең сиямыз,
Қанша достың қазасына қатыстық,
Тілге келмей кете барған бір ауыз.
Бағасы жоқ бал тірліктің бәрі артта,
Келіп, кеткен адамдаймыз қонаққа.
Ұршық құсап зырылдайды уақыт,
Керең құлақ кеш батады таң атса.
Жиған, терген, көрген, білген - өз құлқың,
Көрге бірге көмер енді көз құртын.
Енді ешкімге керегі жоқ кеміксің,
Есіне алып жүрсе, жүрер ел, жұртың.
Ғұмыр осы, қысқа ма, әлде ұзақ па,
Бірақ күнде түсіретін тұзаққа.
О дүниенің рахаты не керек,
Тірлігінде жүрмеген соң жұмақта!
Пенде аңсаған пейіш болса жер асты,
Қаймықпай-ақ қарсы алар ем тозақты.
Уа, аллам, уысыңнан шықпаспын,
Ақылыма бола көрме абақты…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter