Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  107


Автор: Төлеген Жанғалиев

Аллаға аманат

«Құдай да құдай, құдай» деп,
Құйындап жортқан құмай көп.
Құйқылжып ұшқан қыран көп,
Жыбырлап озған жылан көп.
Бәрі де жердің үстінде,
Жатады ұмар-жұмар боп.
Соларды көріп солықтап,
Тіл қатам мен де былай деп:
Құдіреті күшті Құдайым,
Өзіңнен сауға сұрайын.
Тәуліктік ғұмыр берсең де,
Тәубама түсіп тұрайын.
Ет кесіп еттен алсаң да,
Көкбөрі құсап шыдайын.
Көзіме келген жасты да,
Көрсетпей іштен тынайын.
Ендігі қалған ғұмырда,
Аңсатпа биік тұғырға.
Қайралып қана қалайын,
Қылыштай жатқан қынында!
Қаратпа кейде бас, көзге,
Қанағат бермей, бақ берме!
Иіс сезген иттің көзіндей,
Итінте көрме еш жерге!
Адамға жаулық іздетпе,
Білте қыл кейбір білмеске.
Арамза етпе, адал ет,
Алла жар етер сүндетке.
Байлық та берме, баға бер,
Бағалап жүрер саналы ел.
Бермесең мұның барлығын,
Бүгін-ақ жанды ала бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу